Тоғызқұмалақтан оқушылар арасында әлем чемпионаты өтеді
Тоғызқұрамалақтан алғаш рет оқушылар арасындағы әлем чемпионаты өтеді.
Байрақты бәсекені тура бір айдан кейін Алматы қаласы қабылдайды. Бұл жөнінде Республикалық және Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясының президенті Әлихан Бәйменов мәлімдеді. Қазір осыған байланысты қызу дайындық жүріп жатыр. Кемі 20 мемлекет өкілдері қатысады деген жоспар бар. Яғни 15 пен 17 жасқа дейінгі 300-ден аса спортшы өзара мықтыны анықтайды. Дүниежүзілік дода ұлттық ойынымыздың рапид және блитц түрлері бойынша болады. Жарыс 24-ші қыркүйекке дейін жалғасады. Еске сала кетейік, зияткерлік ойын 2019 жылы ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралары қатарына қосылған еді.
Әлихан Бәйменов, Республикалық және Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясының президенті:
- Бізде бұрын әлем чемпионаттарында ересектер және жастар арасында рапид, блитц, классикадан жарыстар өтетін. Бұл жолғы айырмашылығы тек оқушылар арасында болады. Алматыны тоғызқұмалақ ордасы деп атауға толық негіз бар. Алматы қаласы да, Алматы қаласындағы федерация да осы бастаманы көтерген соң, министрлік қолдады, біз қолдадық. Сөйтіп Алматыда өткізу туралы шешім қабылданды.