Солтүстік өңір егінге орақ салды
Сары күз берекелі болып, ел егістікте жүр.
Солтүстік өңір де егінге орақ салды. Биыл жергілікті диқандар 4,5 миллион гектар алқапқа дән еккен. Енді соның ризығын тереді. Ал алқаптағы техниканың көптігінен жер қайысады.
Сөйтіп биылғы астықтың түсімі қандай? Жиын-терінге жанар-жағармай жеткілікті ме?
Тым-тырыс дала дүбірге бөленді. Қазір диқандар қауымына ұйқы жоқ. Олар үшін кезекті «еңбек майданы» басталды. Биыл Солтүстік Қазақстан облысы бойынша орақ науқанына 13 мың техника шықты.
Александр Кобзев, серіктестік директоры:
- Егін әртүрлі. Оған себеп: шілде айында жаңбыр аз жауды. Сондықтан шығымдылығы былтырғыдай емес. Біз ауыл шаруашылығы жерлерін әртараптандыруға көп көңіл бөліп келеміз. Соңғы жылдары майлы және бұршақ дақылдарын сеуіп жүрміз.
Қазір алғашқы 700 мың тонна бидай қамбаға құйылды. Өңірде 50-ге жуық астық қабылдау орны жұмыс істеп тұр. Ырыс дәнін ысырапсыз жинап алу үшін диқандарға мемлекет тарапынан арзандатылған жанар-жағармай берілді.
Әсем Айтолова, Ауыл шаруашылығы басқармасының баспасөз хатшысы:
- Облыс бойынша бөлінген дизельдік отынның көлемі 60 мың тоннаны құрайды. Литрінің бағасы – 250 теңге. Астық қоймалары биылғы жұмыстарға толығымен дайын. Жалпы астық көлемдерінің сыйымдылығы облыс бойынша 6,8 млн тоннаны құрайды.
Өңірде ауыл шаруашылығын әртараптандыру жұмысы жалғасып жатыр. Биыл жергілікті диқандар 1 млн гектар жерге майлы дақылдар егті. Сонымен қатар суармалы алқаптар ұлғайтылды.
Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков