Сұлулық сыйлайтын кәсіпкер
Жетісу облысында алпыс мыңға жуық шағын және орта кәсіпкерлік нысаны бар.
Соның тең жартысын қыз-келіншектер басқарады. Нәзік жанды арулар көбіне білім, денсаулық, қаржылық және қызмет көрсету саласында еңбек етеді. Солардың бірі - Әдилә Әбдібекова.
Әдилә Әбідекованың сұлулық салонына бір жыл да өткен жоқ. Соған қарамастан ол облыс орталығындағы танымал бет әрлеушілердің біріне айналып үлгерді. Тоқтаусыз дамып жатқан салада заман талабына ілесіп отыру қажет. Сол себепті Әдилә үнемі білімін жетілдіріп отырады.
Әдилә Әбдібекова, жас кәсіпкер:
- Мен жуырда ғана халықаралық дәрежеде өткен шеберлік сабағына қатыстым. Патрик Та есімді шебер келді. Ол Рианна сынды әлемдік деңгейдегі өнерпаздармен жұмыс істейді. Мен сол сабақтан көп нәрсе үйрендім. Кәсіби біліктілігімді жетілдірдім.
Жас кәсіпкердің қарамағында бес адам еңбек етеді. Той маусымы басталғалы олардың да жұмысы қыза түскен. Боянатын қыз-келіншектер бір ай бұрын жазылып кетіп жатыр
Елдана Есмолда, қала тұрғыны:
- Әдиләны әпкем айтқан болатын. Ғаламтор арқылы оның жұмыстарын көрдім. Маған өте қатты ұнады. Сондықтан мен ол қызды таңдадым. Өкінбеймін. Себебі жұмысы маған өте қатты ұнады.
Шебер бет әрлеудің қыр сырын жастарға үйретуді қолға алды. Келешекте үлкен орталық ашуды жоспарлап жүр.
Әдилә Әбдібекова, жас кәсіпкер:
- Менің арманым декретте отырған әйелдерге арналған курс ашып, табыс таба алатын деңгейге жеткізу. Олармен психологтар жұмыс істесе, бойындағы қабілеттерді дамытсам деймін. Себебі әйел адам бақытты болса, тұтас отбасы бақытты болады.
Әдилә кәсіпкерлікке ғана емес отбасына да көп көңіл бөледі. Ол анасы Мархабамен бірге бес жастағы ұлын тәрбиелеп отыр.
Мархаба Әбдібекова, қала тұрғыны:
- Әдилә бала кезінен түрлі үйірмеге қатысты. Мен оның экономист болғанын қаладым. Бірақ көңілі қалайтын саланы таңдады. Келешекте қызым осы істің нағыз майталманы болады деп сенемін.
Жас кәсіпкер өз ісін ерекше жақсы көреді. Себебі бет әрлеу арқылы ол ақ жаулықты аналарға, қыз-келіншектерге, тіпті адамзат баласына сұлулық сыйлайды.
Авторлары: Шыңғыс Қалиден Олжас Байбосынов