Түркістан облысында суға кеткен екі адамның денесін іздестіріп жатыр
Түркістан облысында суға кеткен екі адам әлі іздестіріп жатыр.
Кеше кешкісін 8 адамның сүйегі табылды. Бүгін түс кезінде құтқарушылар тағы бір адамның мәйітін судан алып шықты.
Оқиға қалай болған? Іздеу жұмыстары қалай жүріп жатыр?
11 адамның өмірін жалмаған қайғылы оқиға кеше кешкісін дәл осы жерде болған. Бір әулеттен тараған 4 отбасының мүшелері осында келіп, дем алып, шомылмақ болған. Алайда шомылу барысында 5 ересек адам мен 6 жасөспірім суға батып кеткен. Негізі бұл жерге шомылуға тыйым салынған. Мамандар өзеннің ағысы баяу болғанымен, табан терең дейді. Дәл осы жердің тереңдігі 4-5 метр болатынын айтады.
Суға кеткендердің барлығы Ызакөл елдімекенінің тұрғындары. Ай мен күннің аманында 11 адам бірден суға қалай кетті? Куәгерлердің айтуынша, басында кішкентай бала суға батқан.
Әділхан Аманов, куәгер:
- Біз арғы бетте жүрген кезде ол кісілер шомылып жатыр екен. Сонымен бір әйел адамның даусы шықты. Айқайлады. Соны естіп келдік жүгіріп. Кішкентай бала ағып кеткен ғой, соған мамасы түскен. Артынан құтқарамын деп бәрі түскен. Сонымен ол арада бүйтіп қараған жоқпыз, көрінгеннің бәрін шығардық, құтқарып жағаға.
Оқиға куәгерлері бірден құтқарушылар мен жедел жәрдемге хабар берген. Оқиға орнына жеткен құтқарушылар да іздеу барысында бірнеше адамның денесін судан алып шықты.
Мұхит Ибрагимов, облыстық ТЖД жедел құтқару жасағының бөлім басшысы:
- Біреуін алып шықтық кеше.
– Өзіңіз бе?
– Иа!
– Қыз ба, ұл ма?
– Ұл! Шамасы 17-18 жасар. Қатты ағыс жерінде судың асында томарлар бар. Соған кіріп, кептеліп қалған. Сол жерден алып шықтық. Әлі де іздестіріп, жалғастырып жатырмыз. Табамыз деген ниеттеміз.
Алайда құтқарушылар өзеннің тереңдігі мен судың лай болуы іздеу жұмыстарына кедергі келтіріп жатқанын айтады. Оның үстіне өзеннің жағасы қалың.
Нұрғали Жүнісов, облыстық ТЖД басшысы:
- Қазір таңда 11 сүңгуір ағаштардың астын іздеп жатыр. Кешегі күннен бері 7 шақырымнан астам жерді жаяу жүргіншілер жағалауды зерделеу жұмысын жүргізді. Сүңгуірлер су астында 1 мыңнан астам шаршы метрді сүріп шықты.
Сырдария өзенінің жағасында адам қарасы көп. Іздеу жұмыстарына құтқарушылар мен полиция қызметкерлері, еріктілер мен жергілікті ауыл тұрғындарынан 150-ге жуық адам тартылған. Азалы әулетке жан-жақты көмек көрсетіліп жатыр.
Сәкен Сұлтанханов, Отырар ауданының әкімі:
- Әрине ауыр жағдай. Өзіміздің тарабымыздан көмегімізді беріп жатырмыз. Береміз. Жерлеу рәсімдері бойынша барлық жағынан көмек беріп жатырмыз. Қазір облыс әкімінің тікелей назырында, осыны бағылауда ұстап отырмыз.
Қазір оқиға орнында екі адамның денесін іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр. Оған құтқарушылардан бөлек 18 техника, 11 сүңгуір және 2 дрон жұмылдырылған.
Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш