Кәсіпкерлер құтқару бекетін жасақтауға асығар емес
Шығыс Қазақстандағы демалыс базаларының иелері арнайы құтқару пунктін ашып, жағажайды қауіпсіз етуге құлықсыз.
Мысалы Бұқтырма бойындағы демалыс орындарында арнайы қызмет жоқ. Самар ауданына қарасты бөлігінде соңғы екі-үш жылда жүздеген база бой көтерді. Демалушылар қатары жыл санап көбейіп жатыр. Дегенмен кәсіпкерлер өз есебінен құтқару бекетін жасақтауға асығар емес. 2021 жылы алты адам суға кетті. Өңірлік төтенше жағдайлар департаменті суға жақын маңда өрт сөндіру-құтқару пунктін ашты. Нәтижесінде соңғы екі жылда адам өлімі болған жоқ. «Бірақ демалыс орындары көбейіп кеткендіктен, қазір бәрін қамту мүмкін емес», - дейді мамандар. Су айдынының жағалауы 40 шақырымға созылып жатыр.
Әсет Сейілқұмаров, Самар аудандық ТЖБ бастығы:
- Демалыс базаларында құтқару бекеттері жоқ боп тұр. Болғаны дұрыс болушы еді, адам көбейіп жатыр. Біздің құтқару бекетінде 3-ақ адам бар, 2 700 нысанға қарайды. Сонымен қатар Сарыбел, Новостройка ауылдары бар, бәріне үлгермейді.