Елімізде жыл сайын 40 мыңнан аса адам инсультке шалдығады
Қазақстанда жыл сайын 40 мыңнан аса адам инсультке шалдығады.
Біздің елде ғана емес, әлемде де осы ауру бойынша өлім-жітім көп. «Мәселен жыл сайын 5 миллион адам инсульттан көз жұмады», - дейді дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілдері. Ал осы індеттің емі бар ма? Оның алдын алуға бола ма?
ДДҰ инсультті індет деп жариялаған. Ал осы дертті анықтайтын бірден бір тәсіл ол ФАСТ тест. Қандайда бір адамның бетінің қисайғанын, тілінің күрмелуі мен қолын көтере алмағанын көрсеңіз шұғыл түрде 103 нөміріне хабарласу қажет. Себебі бұл инсульттің басты белгілерінің бірі.
Дерттің белгілері білінген сәттен 4,5 сағат ішінде көмек көрсетіліп, арнайы операция жасалса оның ізі де қалмайды екен. Яғни ең жақын инсульт орталығына жүгініп үлгерсеңіз, ондағы «терапиялық терезе» қағидатымен жедел көмек көрсетіледі. Қазір еліміз бойынша 79 инсульттік орталық жұмыс істейді. Статистикалық дерекке жүгінсек, елімізде жыл сайын 40 мыңнан аса адам осы дертпен тіркеледі. Биылғы 6 айдың өзінде 21 мыңнан астам адам инсульт алған.
Ержан Әділбеков, Ұлттық медицинаны шұғыл үйлестіру орталығы төрағасының орынбасары:
- Бұл індеттің ең қиыны - көбі сал болып қалады. Сондықтан инсультті емдеуден гөрі оның алдын алу қажет. Әр адам өз денсаулығына немқұрайлы болмаса екен деймін. Мәселен еліміздің кез-келген емханаларында 40 жастан асқан адамдарға скринингтен тегін өтуіне болады. Қан қысымы, қандағы холестерин, жүрек ауруларын тексереді.
Гүлайым Медетова осыдан бір жыл бұрын инсульт алып, ауруханаға түскен. Операция сәтті өткенімен, жылға жуық төсек тартып жатты. Соңғы бірнеше айда дәрігерлердің көмегімен өздігінен отыруға жараған соң, Астанадағы оңалту орталығына келді.
Гүлайым Медетова, Қызылорда қаласының тұрғыны:
- Басында өте қиын болды. Есімді білмей қалдым. Қазір міне шүкір жақсарып қалдым. Отыратын жағдайға жеттім, оған да шүкір. Қазір мұндай нәрсе көп, сондықтан алдын алу керек.
Мамандар «инсульт қауіпін туғызатын жаман әдеттерден арылып, денсаулықтың қадірін сау кезде ойлау қажет», - дейді. Мәселен, елорда тұрғыны Жансая Қуанышева күні бойы ғимараттан шықпай жұмыс істейді. Жұмысында компьютер алдында телміріп отыруға тура келеді. Алайда ол түрлі аурудың алдын алу үшін салауатты өмір салтын бір жолға қойып алған.
Жансая Қуанышбаева, қала тұрғыны:
- Негізінен адам баласы көбіне ойланбайды салауатты өмір салты жайында. Себебі барлығы дұрыс, жаспын, ағзам әлі қалпында, әлі ауырған жоқпын, барлығы дұрыс деп. Ауырған кезде ғана барып дәрігердің көмегіне жүгінеді. Бұл өте дұрыс емес деп ойлаймын. Барлығының алдын алған жөн. Басында, әрине, өз-өзіңізді күштеп көндірсеңіз болады. Бірақта ол әдетке айналған кезде расымен өзіңіз қалай бұл өмір салтын сүйіп қалатыныңызды түсінбей қаласыз.
«Инсультті дер кезінде анықтаса, оның салдарынан туындайтын көптеген проблемалардың жолын кесуге болады», - дейді дәрігерлер. Алайда адамдардың кейбірі инсульттің алғашқы белгілеріне назар аудармайды. «Жай ғана бас ауруы ғой» деп қабылдап, сан соғып қалып жатады.
Шыңғыс Нұриманов, нейрохирург дәрігер:
- Инстуль бір ғана ауру емес. Ол әр түрлі аурудың салдарынан туындауы мүмкін. Жоғары қан қысымы, жүрек аурулары, қант диабетіне шалдыққан науқастарда қауіп қатарына жатады. Тіпті дұрыс тамақтанбау мен артық салмақ, стресс және қозғалыстың аздығы инсуль қауіпін арттырады. Темекі мен ішімдікке әуес адамдар сақ болғаны жөн.
Дәрігерлер инсульт жас талғамайтынын айтады. Сондықтан аурудың алдын алу маңызды. Салауатты өмір салтын ұстанып, дұрыс тамақтану қажет. Ең бастысы күнделікті тұз бен қантты тұтынуды азайтқан абзал.
Авторлары: Айнұр Қуатқызы, Арман Ақшабаев