Оралда демалыс орындары көбейіп келеді

Оралда тынымбақтар жастардың кешенді алаңына айналды.

Әсіресе, шығармашыл жандар үшін қолайлы. Демалыс орындарында олар еркін форматтағы мәдени шараларды жиі ұйымдастыратын болды. Сонымен қатар спорттық сайыстар да өткізеді. Шаһарда осындай тынымбақтар қатары арта бастады. Қазірдің өзінде үш жоба жүзеге асырылып жатыр.

Бұл – Шолохов тынымбағында ашылған шағын амфитеатр. Жастар мұнда жиі жиналады. Әсіресе, кешқұрым домбыра мен гитараның үні үзілмейді. Әр жас өз өнерін көрсетіп, шығармашылық қабілетін шыңдайды. Ашық аспан астындағы алаңда кино кеші де болады. Ал мереке күндері шаралар легі тіптен айшықтала түседі.

Аманат Бектұрсынов, Жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының маманы:

- Скверлер, осындай амфитеатрлар жастарға өте керек. «Біздің вайб» ашық микрофоны болады. Осы жерге аппаратурамызды құрамыз. Қаланың бір топ жасы осы жерге жиналады. Жиналғанмен қоймай, ашық микрофон, қалаған адам келіп, өзінің талантын көрсете алады. «Домбыра пати» ұйымдастырамыз.

Ал бұл Студенттер көшесі. Ұзындығы бір шақырымға да жетпейді. Енді осы көше тынымбаққа айналады. Қазір құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Жоба аясында стреет воркаут та қарастырылған.

Көшенің аты айтып тұрғандай, бұл аумақ студенттер көп жиналатын орын. Маңайда университет пен жатақханалар бар. Жаңа тынымбақ оларға қолайлы болғалы тұр. Мұнда төсемтас төселіп, жарықшамдар, орындықтар және жаттығу жабдықтары орнатылады. Құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін аяқталуы қажет.

Бауыржан Қуанышев, мердігер компания өкілі:

- Шама келгенше қараша айына дейін бітіреміз де деп жоспарлап отырмыз. Алматы қаласына шамдарға, воркауттарға, тренажерларға бәріне ақшасы төленіп, тапсырыс беріп қойдық. Солар келсе, қалған материалдар жергілікті өнімдер. Бізде кішкене щебень қиналдырды. Щебень қалада жоқ болып қалып, бізге керек фракциясы жоқ болды. Бір мекемеге келді, содан алып жатырмыз.

Қалада саябақ, аллея және тынымбақтарды қоса алғанда 54 демалыс орны бар. Оның 35-і жаңғыртылған. «Қалғаны кезең-кезеңімен жөнделеді» дейді мамандар. Студенттер көшесінен бөлек, Зачаганск кенті мен 6-шағын ауданда тынымбақтар қайта қалпына келтіріліп жатыр.

Азамат Халелов, қалалық ТҮКШ бөлімінің басшысы:

- Бұрын белгіленген орындар, бірақ абаттандырылмай қалған жерлерді абаттандыру жұмыстары жүріп жатыр. Мысалы, 44 мектептің алдында тек қана автотұрақ қана болған. Сквер мүлде болмаған. Сол орынды кезінде белгілеп қойдық та, қазір енді абаттандыру жұмысы басталды. Жобаның құны 220 млн теңге шамасында.

Қоғамдық-мәдени шаралардың көбі Жайық жағалауында өтеді. Жастар ғана емес, барлық тұрғын сол демалыс орнында үнемі серуендейді. Қазір ол аумақ та күрделі жөндеуді талап етіп тұр. Биыл ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуі қажет еді. Алайда жоба тиімсіз деп танылып, жағалауды қайта абаттандыру туралы шешім қабылданды. Жыл соңына дейін жобалық-сметалық құжаттары жасақталмақ. Үш өзеннің тоғысқан тұсында орналасқан шаһар тұмса табиғатымен ерекшеленеді. Демалыс орындарын жаңғырту және көбейту туризмге де серпін берері анық.