Қызылорда облысының газдандыру деңгейі 72% жетті
«QazaqGaz» ұлттық компаниясының инвестициялық бағдарламасы бойынша барлық аудан орталығы мен Байқоңыр, Арал қалалары және 25 ауылдың тұрғындары көгілдір отынның игілігін көріп отыр.
Қазір жылыту маусымына дайындық қызу. Ұлттық компанияның басқарма төрағасы Санжар Жаркешов облысқа жұмыс сапары кезінде компрессорлық және автономды тарату станцияларының жұмысымен танысты.
«QazaqGaz» басқарма төрағасы бастаған топ Бейнеу-Бозой-Шымкент магистарльдық газ құбыры бойындағы ең маңызды Қараөзек компрессорлық станциясына барды. Санжар Жаркешов көгілдір отынды өңірлерге қауіпсіз әрі үздіксіз жеткізу үшін жерасты газ құбырларының электрохимиялық қорғауы сынақтан өткізіліп, 1 300 шақырымнан астам газ құбырына арнайы аспаптық тексеру жүргізілгенін айтты. Биыл жалпы Қызылорда облысында газдандыру бойынша 26 жоба жүзеге асырылып жатыр.
Санжар Жаркешов, «QazaqGaz» ҰК» АҚ басқарма төрағасы:
- Қызылорда облысының әкімдігімен және «QazaqGaz» ұлттық компаниясының еншілес компаниясы Қазтрансгаз аймақ бірлесе үлкен команда болып жұмыс жасап жатыр. Соның нәтижесінде былтыр 2022 жылы 6 елді мекенге газ жеткізсек, биыл 12 елді мекенге газ жеткізіп жатырмыз. Елдің бәрі қуанып жатыр. Осы сапарымның басты мақсаттарының бірі – ол күзгі-қысқы жылыту кезеңіне дайындық. Қазіргі уақытта 95% құрайды. Біз кестемізден алда келе жатырмыз. Сондықтан қыркүйектің 15-не қарай дайын боламыз 100%.
Республикада газ тұтыну көлемі сағатына 4 миллион\текше метрге жетіп, рекордтық деңгейге көтерілді. Бұл көрсеткішті еселеуге де болады. Ол үшін ресурстық қосымша желі қажет.
Санжар Жаркешов, «QazaqGaz» ҰК» АҚ басқарма төрағасы:
- Ең басты проблематиканың бірі – Бейнеу-Бозой-Шымкент магистраль 1 тармағының 100% қолданылуы. Сондықтан бізге 2 тармақ керек. Соны жасау үшін өте үлкен инвестициялық жобаны дайындап жатырмыз. Шамамен 6-7 млрд долларды құрайды. ҚХР мен «QazaqGaz» ұлттық компаниясы үлкен келіссөздер жүргізіп жатыр. Жақын арада шешеміз деген ойдамыз.
2020-2025 жылдарға арналған инвестициялық бағдарлама аясында жыл соңына дейін тағы Қызылорда облысының 8 ауылын газға қосу жоспарланып отыр.
Авторлары: Қамбар Бекенов, Ақан Әлиев