Су иесі Сероухов. Халық сусыз қалуы мүмкін, әкімшілік одан хабарсыз

Қарағанды қаласындағы Үлкен Михайловка шағын ауданының 500-ден астам тұрғыны ауызсусыз қалуы мүмкін.

Су тарату мұнарасының иесі қыркүйектің 15-нен бастап тіршілік нәрін беруді тоқтататынын айтып, хабарлама таратқан. Жергілікті жұрт бұған наразы. Ал билік өкілдері мәселеден бейхабар болып шықты. Сонымен тараптар қандай байламға келді.

Үлкен Михайловка ықшам ауданының тұрғындары суды дәл осы мұнарадан алады. Стратегиялық нысан тоқсаныншы жылдардағы тоқырау кезеңде жекенің қолына өтіп кеткен. Бірақ соған қарамастан осы күнге дейін халықты тіршілік нәрімен қамтамасыз еткен. Қожайыны енді ескі мұнараны жабатынын мәлімдеген. Мұны естіген наразы жұрт мұнара маңына жиналды.

БЛИЦ:

- Су – бізге уайым. Болмайды дейді 15-нен бастап. Қайда барамыз, қайдан аламыз. Су алатын да жер жоқ. Бәрі ақша. Көбісі пенсионер.

- Әне-міне мектеп, сабақ басталады. Күнде баланың кірін жуу керек. Тамағы бар. Оған суды кім береді, қайдан тасисың?!

Ал мұнара қожайыны болса бұл шешімнен бас тартпайтынын мәлімдеп отыр. Себебі 1937 жылы салынған нысан бүгінде әбден ескірген. Жөндемесе болмайды, - дейді.

Владимир Сероухов, су тарату мұнарасының қожайыны:

- Тоқсан жыл ішінде мұнара әбден тозды. Қазір әрең жұмыс істеп тұр. Жарылып кету қаупі бар. Біз негізі суды былтыр өшірмекші болғанбыз. Бірақ тұрғындардың сұрауымен бір жылға шегердік. Сол кезде халыққа да, әкімдікке де ескертіп айтқан болатынбыз. Міне, жазған хатымыз да бар.

Бірақ әкімдік өкілдері бұл мәселеден бейхабар болып шықты. Қалай дегенмен де халықты сусыз қалдырмаймыз деп отыр.

Жанболат Тоқмұрзин, ТҮКШ бөлімінің сектор меңгерушісі:

- Сіздерді ауызсусыз қалдырмаймыз. Оған алаң болмаңыздар. Бұған жол бермейміз, заң бар ғой. Қазір біз «Қарағанды су» мекемесімен бірлесіп бұл мәселені түбегейлі шешудің жолын қарастырып жатырмыз. Теміржолдың арғы бетінде сол мекеменің магистральды құбыры өтеді. Соған қосуды ойластырып отырмыз. Бірақ ауданішілік құбырлар тозған. Үлкен қысымға шыдамайды. Ертең әр жерден жарылып, елдің берекесін алады. Сондықтан біз әуелі үй арасындағы осы құбырларды ретке келтіріп алуымыз керек.

Ауданішілік құбырларды жөндеу бір күндік жұмыс емес екені анық. Оған әлі қаржы да қарастырылмаған. Сондықтан билік өкілдері мұнара суын биыл да өшірмеуді сұрап, кәсіпкермен келіссөз жүргізбекші.