«Ауыл аманаты» бағдарламасымен 223 тұрғын несие алды

Батыс Қазақстан облысында «Ауыл аманаты» бағдарламасымен 223 адам несие алып, кәсібін бастап кетті.

Өңірде 1 100 азаматтан өтініш қабылданып, соның жартысына жуығы мақұлданған. Әсіресе Шыңғырлау ауданының тұрғындары  аталған бағдарламаға белсенді қатысып жатыр.  

Шыңғырлаулық Арман Ермағамбетов өз кәсібін ашуды көптен армандайтын. Биыл «Ауыл аманаты» бағдарламасы жайлы естігенде елең еткені рас. Едел-жедел құжаттарын қамдап, өтініш берген. Жуырда көптен күткен несиеге де қолы жетті. Орталық көшелердің біріне дүңгіршек орнатып, ішіне қажетті құрал-жабдықтарын қойды. Жедел тамақтану орны жұмысын жуырда бастамақ.

Арман Ермағамбетов, Шыңғырлау ауданының тұрғыны:
- «Ақжайық» арқылы біздер 2,5 пайызбен несие алып, осындай кәсіп ашқалы жатырмыз. Бұл фастфуд. Ыстық шай, кофе, салқындатылған сусындар бәрі болады. Енді жастарға деген үлкен қолдау деп білемін.

Ал Ақсоғым ауылының тұрғыны Кенжебек Қалмұхамбетов 4 миллион теңгеге 5 сүтті сиыр сатып алыпты. Сементал тұқымды қашарлар келер жылы төлдемек. Бұрын вахталық тәсілмен көрші өңірлерде еңбек еткен азамат енді туған жерге тұрақтап, өз ісін бастағысы келеді.  

Кенжебек Қалмұхамбетов, жеке кәсіпкер:
- Бизнесті бастап жатырмыз. Алла қосса малымызды көбейтеміз деп, сүтті бағдарламамен сүтті сиыр сауамыз деп, Ақтөбеден 4 миллион 300 мың кредит алдық «Ауыл аманатынан». Ақтөбеден мына сиырларды алып келдік. Сиырдың сүтін сатамыз ба деп, қаймақ-май, сол бағдарламамен алып жатырмыз.

Шыңғырлау ауданында «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша несие алуға 73 тұрғын құжат тапсырса, соның 53-і мақұлданып, 28-інің қаржыға қолы жеткен.

Рүстем Еслямов, Шыңғырлау аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы:
- 211 млн теңгедей қаражат игеріп отырмыз. Ол қаражатқа 154 бас сементал асыл тұқымды сүтті бағыттағы және «красная степная» қызыл малдары келді. Бағдарлама аясында Шыңғырлау-Агро мен Шыңғырлау-Мелк ауыл шаруашылық өндірістік кооперативтері құрылды. Сол кооперативтерге несие алушыларды біріктіріп, сол кооперативтер басында сүт қабылдау пункттерін орналастыру жоспарлануда. Мал саны көбейіп жатса, өзімізде сүтті сөңдеу жұмыстарымен айналысамыз.

Орал өңірінде сүт өндіру-өңдеу ісі кенжелеп қалған. Сауда сөрелеріндегі сүттің 85% шетелден не өзге өңірлерден келеді екен. Сол себепті биыл «Ауыл аманатына» бөлінген қаржының басым бөлігі сүт өндірісін дамытуға бағытталыпты. Жалпы алғанда, бағдарлама аясында облысқа 6,4 миллиард теңге қаралған.

Авторлары: Е.Жылқайдарұлы, Қ. Махмудов, Э. Аюпов