Батыстағы Шыңғырлау ауданында 19 көшенің жолы жөнделеді

Батыс Қазақстан облысының Шыңғырлау ауданынының орталығында биыл «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 7 шақырым жол салынбақ.

Бүгінде ауыл ішінде құрылыс қызу қарқын алған. Қазір 19 көшедегі жолдың табаны тартылып, негізгі жұмыстар атқарылыпты.

Ерденбек Жылқайдарұлы, тілші:

- Дәл қазір Шыңғырлау көшелерінде құрылыс қайнап жатыр. Аудан орталығындағы жолдардың жалпы ұзындығы 50 шақырым болса, соның бұған дейінгі асфальт төселгені тек  20 шақырым ғана екен. Ал биыл бірден  19 көшеде 17 шақырым жол салынбақ. Сонда асфальт жолдардың үлесі 70% дейін жетеді. 

Ауылдағы оң өзгерістерге шыңғырлаулықтар дән риза. Бұған дейін көктем-күзде, жауын-шашында шеткі көшелердің тұрғындары көлікпен үйлеріне жете алмайтын. Балалар мектепке саз кешіп баратын. Енді ол қиындықтар артта қалады. 

Нұрқанат Бекберлиев, ауыл тұрғыны:

- Осындай керемет жол салып жатқанына өте ризамыз. Үйдегілер де, көршілер де жалпы аудан тұрғындары да өте риза.  Бұрын осындай жолдан бейнеттер болатын еді, техника жағынан, жаяу да қатты жаңбыр кезде.

Шыңғырлау ауылының ішкі жолдарын жөндеуге 1 миллиард 624 миллион теңге бөлініпті. Қаржы «Ауыл-ел бесігі» бағдарламасы бойынша республикалық бюджеттен қаралыпты. Аталған бағдарламаның басты артықшылығы жоба-сметалық құжаттар ауыл тұрғындарының бастамасымен кәсіпкерлердің қаражатына жасалатындығында. 

Темірхан Байғалиев, Шыңғырлау аудандық ТҮКШ және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы

- Бүгінгі күні ресайклинг жұмыстары соңғы көше. Мәметова 134 метр қалды. Соны бүгін бітіріп келесі жұмаға асфальт жабын төсеу бастайын деп жатыр. «Ауыл- ел бесігі» бағдарламасы бойынша жобаларды істеуге бюджеттен қаражат шықпайды. Мұны деген мердігер өз қаражатына істеп, үкіметке сыйлайды. Соның арқасында «Ауыл - ел бесігі» бойынша осындай жобаларды іске асырып жатырмыз.

Жалпы биыл өңірдегі жол құрылысына түрлі қаржы көздерінен рекордтық мөлшердегі сома,  82 миллиард теңге бөлініпті. Соның 39 миллиарды республикалық, 27 миллиард теңгесі облыстық маңыздағы жолдарға жұмсалмақ. 10 миллиард теңге Орал қаласының жолдарына бағытталса, қалған 7 миллиард теңге «Ауыл –ел бесігі» бағдарламасы бойынша ауылішілік  жолдардың  құрылысына қаралыпты.

Е. Жылқайдарұлы, Қ. Махмудов, Э.Аюпов