Созақ ауданында түйе шаруашылығы жақсы дамып жатыр
Түркістан облысының Созақ ауданында түйе шаруашылығы жақсы дамыған.
Жүзге жуық шаруа қожалығында 16 мыңнан астам ойсылқара түлігі бар. Ата кәсіпті дамытқан шаруалар тәулігіне 2 мың литр қымыран өндіреді. Түйе өсірушілерге мемлекеттен қолдау бар ма?
Өңірде түйе басын көбейтіп, аудан халқын сапалы қымыранмен қамтып отырған шаруалардың бірі – Нұрбол Бисүгіров. Жас та болса ол бүгінгі күні бетпақ далаға 500 түйе, 100-ден астам жылқы өргізіп отыр. Бұл кәсіппен алдымен атасы, кейін әкесі, енді өзі айналысып жатқанын айтады.
Нұрбол Бисүгіров, шаруа қожалығының жетекшісі:
- Біз осы шаруашылықпен 1973-тен бері атамыз Қошақан айналысқан. Атамыздан кейін әкеміз айналысты. Әкемізден кейін біз айналысып жатырмыз. Қожалықты өзім 2012 жылдан бері үйреніп, сауын түйемен айналысып жатырмыз. Соны айналдырамыз әйтеуір. Біздікі адал еңбек.
Адал еңбек демекші, шілдесі шіліңгір, желі азынап тұратын Созақ өңірінде түйе бағу оңай шаруа емес. Бірақ соған қарамастан түйе өсіру бұл әулеттің сүйікті кәсібіне айналған. Нұрбол мен Ағайшаның отау құрғанына 12 жыл болыпты. Қазір екеуі 30 түйені 1 сағаттың ішінде сауып үлгереді. Жарасымды жұптың тындырымды тірлігіне қарап, сүйсінбеске амал жоқ.
Ағайша Фазылова, Н.Бисүгіровтің жұбайы:
- Екі мезгіл сауамыз. Бір түйе шамамен 3 литр, 2 литр, 1,5 литр сүт береді. 3,5 лирт беретіндері де бар. Мұнда өзіміздің қымызханамыз бар. Қымыран жасап, күнделікті шығарып, сатамыз. Елге, халыққа. Той томалаққа алады. Әрине көбі қазір емге ішеді. Және жан-жаққа алып кетеді Қазақстанға. Астанаға алып кетеді жолға. Соған дайындап береміз барғанша жететіндей етіп. Ашымайтындай қылып.
Қожалық төрағасының ендігі жоспары – қымыран өндіретін шағын цех ашу. «Алайда мал басының аздығы мен мемлекет тарапынан берілетін жеңілдетілген несие көлемінің аздығы қолбайлау болып отыр», - дейді. Биыл «Ауыл аманаты» жобасы арқылы 2,5 пайыздық несие алуға әрекеттеніп көріпті. Бірақ ұсынылған несие көлемі көңілінен шықпапты.
Нұрбол Бисүгіров, шаруа қожалығының төрағасы:
- Мақсатымыз етті экспортқа жан-жаққа жіберу. Колбасный цех ашсақ дейміз. Сүтімізді жауып сатсақ дейміз. Мемлекеттен субсидиялар, көмектер болса дейміз. 2,5 пайызбен құжаттарды дайындап жатырмыз, бірақ ол аз мөлшерде беріледі екен. Бізге көптеу, үлкен сумма керек. Май суымыз бар, шөбіміз бар. Жеміміз бар. Сонымен өз-өзімен айналады да. Қосымша айналдыруға мүмкіндік болмайды.
Мамандар «Ауыл аманаты» жобасы мал алып, кәсіп бастағысы келетін азаматтарға арналғанын, ірі шаруашылықтар үшін ауыл шаруашылығын қолдау қоры арқылы 6 пайызбен несие алуға болатынын айтады. Жалпы Түркістан облысында 41 мың бас ойсылқара тұқымы бар. Оның 6,5 мыңы асыл тұқымды. Өңірде түйе сүтін өндіретін 10-ға жуық ірілі-ұсақты кәсіпорын жұмыс істейді. Шауралар биыл осы зауыттарға 3 мың тонна қымыран өткізген.
Мелдехан Бұқарбаев, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы:
- Бұл кәсіпкерлер өңдеуші кәсіпорындарға өткізген түйе сүтіне мемлекеттік қолдау алады. Әр литріне 55 теңгеден төленеді. Биыл түйе сүтіне 220 млн теңге субсидия қаралған. Биылғы жылдың 7 айында 161 млн теңгесі игерілді. Одан бөлек ауыл шаруашылығы қолдау қоры арқылы 6%, «Ауыл аманаты» бағдарламасымен 2,5% түйенің басын көбейтуге бағдарламалар жұмыс істеп жатыр.
Мамандар мемлекеттік бағдарламалардың көмегімен төмен пайыздық несие алып, мал басын көбейту үшін ауылдарды аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш