Ақтөбе облысында ауыл мектептерін дамытуға басымдық берілуде
Әсіресе елді мекендерде білім сапасын арттырып, білікті мамандармен қамту және ұстаз бен оқушыға қолайлы жағдай жасауға баса көңіл бөлінеді.
Биылдан бастап жергілікті жоғарғы оқу орындарын тәмамдаған 170-тен астам жас маман ауылдарда еңбек етеді. Мұғалімдерді ынталандыру үшін тың жобалар да іске асатын болды. Бұл туралы бүгін облыс орталығында өткен тамыз конференциясында айтылды.
Ақтөбе облысында 404 мектеп бар. Оның 70 процентке жуығы ауылдық жерлерде орналасқан. Елді мекендердегі білім ұяларының жағдайына көңіл бөліп дамыту үшін бүгінде тың бастамалар қолға алынды. Соның ішінде оқушыға білім беретін мұғалімдерді жұмысқа қабылдау мен мектептің қаржылық жағдайын жақсартуға арналған игі істер де бар.
Ералы Тоғжанов, облыс әкімі:
- «Бұлтты бухгалтерия» жобасы. Бұл білім саласындағы есепшілерге қатысты. Осы жобаның арқасында біз 5 млрд теңге үнемдедік. Бұдан өзге мұғалімдерді жұмысқа қабылдаудың электронды түрін енгіздік. Әзірге қала аумағында жүріп жатыр. Кейін облыс көлеміне таратылады.
Мектептердің қажеттілігін өтеу үшін жыл сайын 35 млрд теңге қаржы бөлінеді. Ал ауыл мен қаладағы білім сапасын теңестіру, арттыру мақсатында іске асып жатқан пимлоттық жоба аз емес. Тек облыс әкімінің бастамасымен қолға алынған «Білім ал» жобасы аясында облыс орталығында мектептерден іріктелген 30-дан астам үздік мұғалім қазір ауыл балаларына да дәріс береді.
Жайық Сұлтан, облыстық білім басқармасының басшысы:
- Осы «Білім ал» жобасының нәтижесінде, егер облысымыздағы ауыл және қала арасындағы білім сапасындағы алшақтық 15 пайызды құраса, осы жобаның нәтижесінде осы алшақтық 10,3 пайызға азайды. Бұл жоба қазір республикалық деңгейге көтеріліп отыр.
Тамыз конференциясына білім саласы қызметкерлерінен өзге, елге есімі белгілі 150 мейман қатысты. Олар өңірдің тың жобалары ел аумағына таратын тәжірибеден өткізуге болатынын жеткізді.
Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Айнадин Молдабеков