Азаматтық қоғамды дамытуға 800 млн теңге жұмсалады

Ұлытау облысында азаматтық қоғамды қолдап, дамытуға 800 миллион теңге жұмсалады.

Бұл туралы өңірде алғаш рет ұйымдастырылған Азаматтық форумда айтылды. Қазір облыста жалпы саны 400-ге жуық Үкіметтік емес ұйым бар. Олар немен айналысады? Жұмысы қай бағытта жанданады?

Үкіметтік емес ұйым – азаматтық қоғамның ажырамас бөлігі әрі халықпен биліктің арасын байланыстырушы. Сондықтан басты міндеті - өңірдегі өзекті мәселелерді көтеріп, шешілу жолдарын ұсыну. Қазір Ұлытауда осындай жұмыспен айналысатын 6 қоғамдық кеңес бар. Оларда 70 адам жұмыс істейді.

Берік Әбдіғалиұлы, облыс әкімі:
- Жалпы бізде азаматтық қоғам, мемлекеттік емес ұйымдар өкінішке орай көп емес. Бірақ енді арнайы қаржы да бөлінеді. Әлеуметтік тапсырыс ретінде көптеген проблемалар бар. Сол проблемаларды шешуге негізгі серіктес өздеріңіз.

Үкіметтік емес Ұйымдардың имиджін көтеріп, белсенділігін арттыру маңызды. Осы мақсатта ұйымдастырылған форумға құзырлы мемлекеттік органдар, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің өкілдері мен белсенді азаматтар қатысып, пікір алмасты. Өңірдің өмірін жақсару ісіне жастарды тарту жайы сөз болды.

Бану Нұрғазиева, Қазақстан Азаматтық Альянсының президенті:
- Жастың аты жас. Олар алғыр, шапшаң және жан-жақты. Кейде «қазіргі жастар қандай болып кетті», - деп айтып жатамыз. Таңдауын, ұсынысын түсінбейміз. Қалай десек те олар үлкен күш. Мына жерде де жиналғандардың жартысынан көбі жастар болуға тиіс.   

Форум аясында үздік әлеуметтік жобалардың көрмесі өтті. Яғни қонақтар әрбір жобамен танысып, өзіне ұнағанына дауыс береді. Көптің көңілінен шығып, көп дауыс жинаған жоба авторларына қаржылай және естелік сыйлықтар табысталды.

Авторлары: Талғатбек Әбдіқожа, Нурбол Уздикбаев