Жаңа бағдарлама – жаңа мүмкіндіктер

Елімізде ішкі және сыртқы сауда саясатын дамыту бойынша жаңа бағдарлама жүзеге асырылады.

Бұл туралы ҚР Сауда және интеграция вице-министрі Арман Шакқалиев Павлодар облысында жұмыс сапары кезінде айтты. Жаңа бағдарламада ішкі нарықтағы ауыл шаруашылығы өнімдерін сату аясын кеңейту, азық-түлік өндірушілеріне қолдау көрсетуге басымдық беріледі. Басты мақсат – халық сұранысына сай өнімді саудалаудан бөлек, заман талабына сай нарықтардың жұмысын реттеу. Сонымен қатар, кез келген өнімнің сатылуы үшін қолайлы жағдай жасау. Вице-министр бұл тұрғыда павлодарлық өндірушілерге арналған фермерлік сауда желісінің жұмысын тілге тиек етті. Осындай тәжірибе ел облыстарында барынша енгізілсе, отандық тауар өндірушілер ішкі нарыққа сапал өнім ұсынады. Мәселен, бүгінде облыс орталығында ірі фермерлік нарық ашылды. Осы жерде шаруалар өз өнімдерін емін-еркін саудалай алады. Бағдарлама шеңберінде мемлекеттік қолдау шараларын нығайту да көзделген.

Арман Шакқалиев, ҚР Сауда және интеграция вице-министрі:
- Бағдарлама ішкі және сыртқы сауданы қамтиды. Оның ішінде бағаны тұрақтандыру, өндірушілерді қолдау шаралары бар. Отандық өнім шығаратын кәсіпкерлерге арналған сауда нарықтарын модернизациялау, жаңа нысандарды салу шаралары да қарастырылған.