Павлодар облысында өрт қаупі әлі де жоғары

Павлодар облысында сәуір айынан бері екі жүздей орман өрті тіркелді.

Қызыл жалын 1 200 гектар аумаққа жайылған. Келтірілген шығын көлемі 200 миллион теңгеден асады. Дала өрті бойынша 69, орман өрті бойынша көрсеткіш 100 процентке өскені белгілі болды. Ең ірі өрт «Ертіс орманы» мемлекеттік табиғи резерватының Шалдай орманшылығында тіркеліп, алты тәулікте оқшауланды. Сонымен қатар Баянауыл ұлттық паркінің аумағында 500 гектар жер жанған. Мамандар өрттің жиілеуін құрғақшылықпен байланыстырады. Оның үстіне Ертіс қойнауындағы шабындықтардың тек 40 пайызына су жайылды. Саланың материалдық-техникалық базасы да сын көтермейді. «Облыста жоғары өрт қаупі қарашаға дейін сақталады», - дейді мамандар.

Руслан Төлепбаев, «Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы» РММ басшысы:
- Ауылдық округ әкімдері дер кезінде әрекет етпеді. Бір жағынан ерікті өрт сөндіру құрылымдарының материалдық-техникалық жағдайы өте нашар. Әкімдіктің қарамағындағы мекемелердің жабдықталуы 65 пайыздан аспайды. Бұл мақсатқа республикалық және облыстық бюджеттен қаржы бөлінген. Арнайы техникалар біртіндеп алына бастады.