Жетісу жерінде кәсіпқой суретшілердің өңірлік пленэрі өтті
Жетісу жерінде Ата заң күніне орай кәсіпқой суретшілердің облыстық пленэрі өтті.
«Туған жерім – тұғырым» тақырыбымен ұйымдастырылған шараға 15 суретші қатысты. Олар Текелі қаласы мен Ескелді және Қаратал аудандарындағы табиғаты әсем жерлерді майлы бояумен кенеп бетіне түсірді. Мақсат – Жетісу өлкесінің шырайлы жерлерін, әсем табиғатын кескіндеме өнері арқылы насихаттап, туризм саласының дамуына үлес қосу. Осы іс-шара арқылы қараған жанды тұмса табиғатпен тамсантып, көздің жауын алатын 30 картина дүниеге келді. Әлі бояуы кеуіп үлгермеген бұл туындылардың ең үздіктері өңірлік көркемсурет галереясының қорына алынады. Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театрының бас суретшісі Қарлығаш Шалабаеваның еңбектері көпшілік көрерменнің ықыласына бөленгенін де айта кетейік.
Қарлығаш Шалабаева, ҚР Суретшілер одағының мүшесі:
- Өте қуаныштымыз. Негізі осы пленэр арқылы біз жақсы шабыт алып, біз бір бірімізден білмейтін затымызды үйреніп, бірге суретшілер қосылып, анализ картиналарды өткізіп және осы Жетісудың ең сұлу жерлеріне бардық. Соны кенепке салу деген өте үлкен бір бізге бақыт. Қазақстандықтарға, бәріне осындай мереке келуімен құттықтаймын!
Гүлмира Қалқабаева, Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бөлім басшысы:
- Әр суретші өзінің еңбегіменен, өзінің туындысыменен өзінің халқына, еліне деген өзінің әдемі бір картинасын жасап, туындысын көрерменге тарту етті. Суретшілердің осы пленэрде жасаған туындылары галерея қорында қалады.