Параспортшы бір топ жеткіншекті Каспий жағалауына демалысқа апарды
Қазақстандық параспортшы Фируза Кайлюкова көпбалалы және аз қамтылған отбасыдан шыққан бір топ жеткіншекті Каспий жағалауына демалысқа апарды.
Фируза арбада отырып билеуден Қазақстанның алты дүркін чемпионы, әлемдік жарыстардың жүлдегері. Қоғам белсендісі ағылшын тілінен бірқатар қалада онлайн сабақ береді. Биыл астаналық жасөспірімдерді өз үйінде тегін оқытуды бастады. Дәрісте озат жеті оқушының білімге құштарлығын көтеру мақсатында оларға Ақтаудың көрнекті жерлерін көрсетуді ұйғарған.
Астана тұрғыны Дінмұхамед Оспан Ақтауға қарындасымен бірге келіпті. Бұл көпбалалы отбасы балаларының Каспий жағасындағы алғашқы демалысы. Көкжиекпен шектескен теңіздің сұлулығына қайран қалған. Мүмкіндік сыйлаған жомарт жүректі Фирузаға алғысы шексіз.
Дінмұхаммед Оспан, оқушы:
- Бұған дейін де ағылшын тілі курстарына қатыстым. Алайда нәтиже болмады. Анамның ақылын тыңдап, Феруза Кайлюкова өткізетін сабақтарға келе бастадым. Бұл біздің отбасымыз үшін тамаша мүмкіндік болғаны рас. Тегін курсқа қарындасыммен бірге барып жүрміз. Келешек ІТ саласында жұмыс істеуді армандаймын. Мақсатыма жету үшін шет тілін білу қажеттігін түсінемін.
17 жастағы Мария стоматология саласында білім алып жүр. Каспий жағасындағы қаланы бұрын теледидардан көргенін айтады. Ұстазы Фируза Кайлюкова әр сабақты әркез ерекше, әрі қызықты өткізетінін айтады. Дәрісте алғырлық танытқаны үшін Ақтауға демалуға баратынын естіп қуанған.
Мария Серік, студент:
- Жазғы демалысымыз өте керемет өтіп жатыр. Қасымдағы балалармен бір үйдің перзентіндей болып кеттік. Жалпы Феруза осындай демалысты жиі ұйымдастырады. Бұл жолы Ақтауға сапарлайтынымызды естіп, қуанышымызда шек болмады.
Астанадан келген балалар Ақтауда бірнеше тәулік болады. Олар Каспийге шомылып, күнге қарайып та үлгерген. Кешкі ас алдында өздері түскен фотосуреттерді тамашалап, әсерімен бөлісуді әдетке айналдырыпты. Жеткіншектердің дені бұған дейін басқа қалаға бармаған.
Фируза Кайлюкова, параспортшы:
- Ағылшын тілін үйретуден бөлек олардың бауырласуын қалаймын. Теңізді мүлдем көрмеген балалар. Олардың Ақтауға демалысқа келу түгелі ақылы курстарға оқуға мүмкіндігі жоқ. Сол себепті биыл жазғы демалысты мүлдем басқаша өткізуді шештім. Кейбір адамдар осының бәрі саған не үшін керек деп сұрайды. Мен үшін балалардың қуанышын көруден асқан бақыт жоқ.
Ағылшын тілінің мұғалімі Фируза Кайлюкованың есімі әлемге үздік параспортшылардың бірі ретінде танымал. Ол жұбы Мақсат Сәрсенбаевпен Финляндия, Польша, Жапонияда өткен жарыста мықтылар қатарынан көрінді. Қазір олар кезекті әлем чемпионатына қызу дайындық үстінде. Сайыс қараша айында Италияда өтеді.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев