Алматыда 133 мыңнан астам оқушы тегін тамақтанады
Биыл Алматы қаласында 133 мыңнан астам бастауыш сынып оқушылары тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі, деп хабарлайды «Хабар 24».
Олардың қатарында №202 мектеп-гимназияның оқушылары да бар. Биыл осы білім ордасының табалдырығын 280 балдырған аттап отыр. Бұл – мектеп тарихындағы бұрың-соңды тіркелмеген көрсеткіш.
Мектеп жаратылыстану-математика және ағылшын тілін тереңдетіп оқытады. Оқу кабинеттері интерактивті панель, SMART тақтамен және заманауи жиһаздармен жабдықталған. Бүгін салтанатты жиынға ата-аналармен бірге танымал тұлғаларда келіп, бүлдіршіндерге ақ батасын берді.
Алтынбек Қоразбаев, Қазақстанның халық артисі:
- Осы өзіміздің кішкентай балапандарымызға үлкен білім, үлкен ілім, адам, Қазақстанның адал азаматтары болып, керемет деген спортшылар, керемет деген әншілер, керемет деген өнерпаздар болатынына мен кәміл сенемін.
Болат Жанайханұлы, №202 мектеп-гимназиясының директоры:
- Кабинеттердің барлығы заманауи үлгіде жабдықталған. Оқушыларымыз сапалы білім, саналы тәрбие алуға барлық мүмкіндік жасалды деп ойлаймын.