Қызылорданың Саяхат ықшам ауданында жол мәселесі шешімін тапты

Қызылордадағы Саяхат ықшам ауданының тұрғындары үшін жол қысқарды.

Олар қала орталығына жету үшін он шақырым жерді айналып өтетін. Себебі жер үстімен жүргізілген жылу құбыры төте жолға кедергі болды. Мәселе енді ғана шешімін тапты. Құбыр өтіп жатқан Сұлтан Бейбарыс атындағы көше кеңейтіліп, 4 жолақты жол салынды.

Саяхат ақшам ауданында 3 мыңдай тұрғын бар. Олар ұзақ жылдан бері бірнеше шақырымдық құбырды жағалап, қала орталығына айналма жол арқылы қатынады. Ең қиыны балалар мектепке төте шыға алмады. Жедел жәрдем қызметі де кешігіп жететін еді,-дейді тұрғындар. 

Орақбай Көпжасаров, қала тұрғыны:

- Қаладан өзгеше сыртта қалған халық болып қалдық. Мына жақта отырған халықтың бәрі біледі. Жақын жердегілердің бәрі де осы жерден арғы бетке қарай өтеді. Өйткені автобус осы жақпен жүреді, маршруттың бәрі. Кедергі болып тұр. 

Талай жыл жыр болған мәселе биыл шешімін тапты. Саяхаттықтардың жолын бөгеген магистральды жылу құбыры толық жаңаланып, жер астымен жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ ұзындығы 4 шақырымнан асатын Сұлтан Бейбарыс атындағы көше төрт жолақты етіп кеңейтілді. Бұл мақсатқа республикалық бюжеттен 2 миллиард 400 миллион теңге қаржы бөлінген.

Ерманов Берікбай, қала тұрғыны: 

 -Бұрын авария көп болатын. Қатты жүретін машиналар, қазір жақсы болды кептеліс жоқ. Бір камаз тіркемесімен кетсе, артынан эшалон болып ересің ол кезде. Қазір жақсы болды, камаз бір жағына түседі, мына жағымен жүре бересің. Енді трубаны көміп берсе, тіке үйге кіреміз, жақсы болды. 

Жеңісбек Файзуллаев, қалалық ТҮКШ, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:

- Біраз жылдан бері көтеріліп келе жатқан мәселені шешу үшін республикалық бюджеттен 3,5 миллиард теңге қаржы бөлініп, ұзындығы 5,2 шақырымды құрайтын жылу құбыры жерге түсірілді. Бұл жылу құбырын ауыстыру жұмыстары үстіміздегі жылдың жылу беру маусымы басталамын дегенше толық аяқтау жоспарлануда.

Алдағы уақытта шағын ауданда бірнеше ойын алаңы мен аллеялар салу жоспарда бар,-дейді мамандар. 

Нұрлан Жақыпбеков, Ақан Әлиев