СҚО сүт өндірісі бойынша көш бастады

Өңірде бүгінде мал саны 500 мыңнан асып, 100-ден астам сүт фермасы жұмыс істеп тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тағы 17 нысанның құрылысы жүріп жатыр. Президент Жолдауда өңірдің бұл жетістігін көпке үлгі етті.

Солтүстік Қазақстан – түгін тартса, майы шығатын өңір. Астықты айтпағанда елімізде өндірілетін сүт өнімдерінің 25%-і осы аймаққа тиесілі. Бүгінде облыста 100-ден астам заманауи тауарлы-сүт фермасы бар. 

Біржан Шәймерденов өңірде тауарлы-сүт фермасын алғашқылардың бірі  болып ашты. Егіншілікпен бірге мал шаруашылығын қатар алып жүрген азамат болашақта май өңдеу зауытын іске қосуды жоспарлап отыр. Ал фермадағы ірі қараларға 50-ге жуық адам қарайласады.  

Біржан Шәймерденов, шаруа:

- Қазір ол жерде 42 адам жұмыс істеп жатыр. Оның көбі – Оңтүстіктен келген, Моңғолиядан келгендер. Біз оны неге салдық? Неге десеңіздер, Үкіметтен үлкен көмек бар. Алынған бір сиырға 400 мың теңге ақша береді. Сауылған сүтке 45 теңге ақша береді. Жыл сайын тамағына 80 мыңнан береді. Ет тапсырсақ, 200 теңге береді. Онымен неге айналыспасқа?

Соңғы 5 жылда солтүстік Қазақстанда осындай 30-дан астам кешен бой түзеді. Шетелден 13 мың асыл тұқымды мал әкелінді. Жыл соңына дейін тағы 9 ферма пайдалануға беріледі.

Мейрам Меңдібаев, ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшы:

- Қазіргі уақытта мыңнан астам жұмыс орындары ашылды. Әлеуметтік сұрақтар барынша шешіліп жатыр. Жол, су, үйлер салынып жатыр. Содан кейін біздің тәжірибеміз күллі Қазақстанда жарияланып, жасалынып жатыр.

Жалпы ауыл шаруашылығы саласында облыста 38 жоба жүзеге асырылып жатыр. Инвестицияның жалпы құны 83 миллиард теңгеден асады. Өңірде құс фабрикасы, қой фермалары, май зауыты мен жылыжайлар салынып жатыр.

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Төлеген Иманов.