Отандық тауар өндірушілерді заңнамалық деңгейде қолдау қажет
Бұл туралы Ақмола облысының кәсіпкерлік қоғамдастығының өкілдері мәлімдеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында ішкі және экспорттық тауарларды сақтау, сондай-ақ, экспорт географиясын кеңейту маңыздылығын ерекше атап өтті. Бүгінде Ақмола өңірінде отандық өнімді сыртқа саудалайтын 50-ден астам кәсіпорын бар. Жергілікті өнім әлемнің 30-ға жуық еліне экспортталады. Оның ішінде Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан және Беларусиямен тығыз байланыс орнатылған. Әсіресе астық, ет және сүт өнімдері, полиэтилен қапшықтарына сұраныс жоғары. Жалпы облыстың агроөнеркәсіп кешендері өнімнің 46 пайызын алыс-жақын шетелдерге жөнелтеді. «Ал тиісті қолдауға ие болған кезде экспорт көлемін тағы бірнеше есеге ұлғайтуға болады», - дейді бизнес өкілдері.
Омар Шоназаров, кәсіпкер:
- Бүгінгі таңда Үкімет отандық өндірушілерді барлық жағынан қолдауға және заңнамалық тұрғыдан қорғауға ерекше назар аударуы керек. Біздің облыста тау-кен металлургия, ауыл шаруашылық және жеңіл өнеркәсіп саласы жақсы дамыған. Яғни осы салалардың дайын өнімі бүгінде көптеген мемлекеттерге экспортталып жатыр. Сондықтан осы жұмысты әрі қарай жандандыру керек деп есептеймін.