Шудың кәріз суы жиналатын орны апатты жағдайда тұр
Сарқынды суды тазартатын 47 гектар жердегі алаңдар қазір ернеуіне дейін толып қалған.
Әрі аудан орталығына тым жақын орналасқандықтан, тұрғындар жағымсыз иіске шағымданып отыр. Ал жергілікті билік «мәселе кәріз суын тазарту кешені салынса ғана шешіледі», - дейді.
Шу қаласының кәріз суы жиналатын орын 1961 жылы салынған. Қалдық сулар тұндырма алаңдары арқылы тазартылады. Мұнда жылына 433 мың текшеметр сарқынды су құйылып жатыр. Кәріз шаһардан небәрі 200 метр жерде орналасқан. Салдарынан жағымсыз иіс тұрғындардың берекесін қашырып отыр.
- Кешкісін таза ауаға шыққан кезде мына жақтан жаман иіс шығады. Жаңбыр жауған кезде мүлдем. Жел тұрғанда, мына жақты мүлдем айтпай-ақ қояйын, шаң топалаң.
- Казір жазғы уақытта тереземізді аша алмаймыз. Себебі канализацияның иісінен мүмкін емес дем алу. Кешкісін жатқанда да иісі қатты шығады. Көшіру керек иә, канализацияны алып тастау керек.
Шу қаласындағы кәріз кешенінің мәселесі соңғы 10 жылда ушығып кетті. Қалдық суды тазартатын бассейндер әлдеқашан апатты жағдайға жеткен. Бір ай бұрын қоршауы жоқ орынға қызықтап барған балалар қаза болды.
Света Шалбаева, Шу қаласының тұрғыны:
- Ол жақта жабайы құстар көп. Сол жабайы құстарды көреміз деп 3 бала болып барған. Сол үшеуінің ішінде біреуінің аяғы тайып кеткен ғой. Менің балам оны құтқарамын деп тартып, оның да аяғы тайып кетіп, анау балота емес па асты. Саз тартып кетеді. Сонымен шыға алмай қалып, екі бала да қайтыс болып, үшінші бала көмекке адам шақырып отыр. Ол жақта не күзет жоқ, тіпті бөгде адам кірмейді деген жазу болған жоқ.
Сүзгі алаңдарының қауіпті тұстарын қоршау үшін аудандық бюджеттен 5 млн теңге бөлінген. Сонымен қоса қала әкімі кәріз суларын тазарту кешені салынатынын мәлімдеді.
Елдос Нұралиев, Шу қаласының әкімі:
- Тазалау аумағы қаладан 12 шақырым қашықтықта орналсқан жерге орналастырылады. Жалпы бүгінгі күнге жоба жасалып жатыр. 2-3 айдың көлемінде жобалық-сметалық құжаттамалар толық аяқталғаннан кейін, республикалық бюджеттік нақтылауға ұсынатын боламыз.
Кәріз суларын тазартатын кешен құны 4 миллиард теңгені құрап отыр. Жоба қолдау тауып, республикалық қазынадан қаржы бөлінсе, қаланың басты мәселесі 2025 жылы шешіледі. Айта кетерлігі, Шу қаласының кәріз жүйесі 86 процентке тозған.
Авторлары: Мерей Бает, Бақытжан Бапаев