Елордада үшем дүниеге келді
Жыл соңына дейін қазақстандықтар саны 20 миллионға жетеді.
Жалпы елде туу көрсеткіші едәуір артқаны байқалады. Жыл сайын 400 мыңнан астам бала дүниеге келеді. Соңғы жылдары егіз бен үшемдердің де қатары артқан. Мәселен, 2021 жылы ел бойынша 45 үшем дүниеге келсе, былтыр олардың саны 50-ге жеткен. Ал биылғы 7 айдың өзінде 25 үшем дүние есігін ашты.
Елордалық Жалмұратовтар әулеті үшем сәби сүйіп, қуанышқа кенелді. Бұл Жасұлан мен Еркегүлдің алғашқы қуанышы емес. Олар бұған дейін бір ұл, екі қыздың ата-анасы атанған. Үшемдерден кейін көпбалалы отбасына айналды. Олар жарық дүние есігін ашқан сәбилеріне Мұхаммед Әли, Наргиз және Әзиза деп ат қойыпты.
Еркегүл Жалмұратова, үшемнің анасы:
- Толқып, қуанып тұрмын. Балаларымның амандығын тілеп, өсіп-өне берсін деп тілеп тұрмын. Бұл 4 жүктілігім. Үйде үшеу еді, енді 6 баланың анасы болдым. Бақыттымын.
Үшемдер салмақ қосып, ширағанша Астанадағы перинаталдық орталық дәрігерлерінің бақылауында болды. Осыдан үш апта бұрын дүние есігін ашқан үшем бүгін аман-есен үйлеріне шықты.
Райхан Жүнісова, нәрестелерді күту және патология бөлімінің қызметкері:
- Бұл біздің бөлімшедегі бірінші үшем емес. Бұл кісілердің отбасында бірінші болса, бізде жиі болып тұрады. Былтыр қарашада үшем шығарғанбыз аман-есен. Балалардың жағдайы жақсы. Жақсы болған соң үйлеріне шығып жатыр.
Ал еліміздің демографиялық өсіміне қатысты Президент өз Жолдауында баса назар аударды. Мемлекет басшысы осы тұста елімізде өмір сүру ұзақтығының да артып келе жатқанын айтты.
Цитата
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:
«Қазақстан – әлемдегі ең жас мемлекеттің бірі. Азаматтарымыздың орташа жасы – 32 жас. Тұрғындардың үштен бірі – жастар. Үкіметтің міндеті – қазіргі демографиялық ахуалды еліміздің бәсекеге қабілетін арттыруға пайдалану. Адал азамат және тұғырлы тұлға болудың негізі бала кезден қалыптасады. Сондықтан біз жас ұрпақтың қауіпсіз әрі алаңсыз өмір сүруін қамтамасыз етуге тиіспіз»
Жалпы елімізде күн сайын 31 мың 500-ден астам сәби дүниеге келеді. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, Қазақстанда бірінші жартыжылдықта 189 мың 500 шарананың кіндігі кесілген. Осы аралықта 2500-ден астам егіз туған. Туу көрсеткіші бойынша Маңғыстау көш бастап тұр. Одан кейін Түркістан облысы мен Шымкент қаласында нәресте сүйетіндер қатары көбейген.
Авторлары: Айнұр Қуатқызы, Ақылбек Есімсейітов