Жаңаөзенді ауызсумен қамтамасыз ететін зауыт құрылысы басталды
Тәулігіне 50 мың текше метр су шығаратын кәсіпорын Қарақия ауданының Тоқымақ мүйісінде салынады.
Жобаға «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы 113 млрд теңге бөлді. Соның 50%-і нысан құрылысына, қалғаны жаңа зауыттан Жаңаөзенге дейін су құбырын тартуға жұмсалады.
Жаңаөзен халқы тіршілік нәрін «Астрахань-Маңғыстау» су құбырынан алады. Осы құбырмен келетін суды Атырау мен Маңғыстау облысының бірқатар елдімекені тұтынып отыр. Халық саны өсіп, жаңа кәсіпорындар ашылуына орай тұщы суға деген сұраныс жылдан жылға артып келеді. Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасына сәйкес «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы маңызды жобаны қолға алды.
Мағзұм Мырзағалиев «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы:
- Президент осы жобаның маңыздылығын бірнеше рет айтқан болатын. Жоба 2 кезеңнен тұрады. Біріншісі - инфрақұрылымын салу. Яғни, осы жерден Жаңаөзен қаласына дейін су құбыры тартылады. Оған біз Жаңаөзенде орналасқан сервистік мекемелерді тартатын боламыз. 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында су тұщыту зауыты өзінің жобаланған көрсеткіштеріне шығады деп сенімдіміз.
Жаңа өндіріс орны Маңғыстау облысында туризм, кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы саласының дамуына жол ашады. Әрі жұмыссыздық мәселесін шешуге оң ықпал етеді. Нысанды салу кезінде 240 жұмыс орны құрылады. Зауыт іске қосылған соң 100-ден аса адам тұрақты қызметке алынады.
Нұрлан Ноғаев, Маңғыстау облысының әкімі:
- Қазір «Астрахань-Маңғышлақ» құбырынан алып отырған су көлемімен бірге тәулігіне қосымша 50 мың текше метр су берілсе Жаңаөзен қаласының тұтынушыларын және басқа да елді мекендерді сумен қамтамасыз етуге үлкен мүмкіншілік болады.
Жүзбай Күмісбаев, Жаңаөзен қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы:
- Бізде су тұщыту зауыты осы күнге дейін болған жоқ. Жаз мезгілінде графикпен болады, су жетіспейді. Соңғы 10 жылдың үстінде осыны көріп келе жатырмыз. Бүгін үлкен бір жұмыс басталып жатыр, бұған халық қуанышты.
«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы бұған дейін Қаражанбас кенорнында су тұщыту зауытты іске қосты. Қазір «Астрахань-Маңғыстау» магистральды су құбырын қайта жаңғырту және кеңейту жобасын жүзеге асыруда. Оның бірінші кезеңін биыл аяқтау жоспарда. Сәйкесінше, 2024 жылы құбырдың тіршілік нәрін өткізу қуаты тәулігіне 110 мыңнан 170 мың текше метрге дейін артады деп күтіледі.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев