Оралда шебер қыш өнерін дәріптеп жүр
Оралда бұрын сақтандыру агенттігінің қызметкері болған Виктория Кочемасова енді қыш шеберханасының иесі атанды.
Іскер жан мемлекеттік бағдарлама аясында қайтарымсыз грант алған. Сол қаражат есебінен өндіріс орнын жабдықтапты. Шеберханада қазір ересектер де, балалар да қыштан бұйым жасаудың әдіс-тәсілін үйреніп жүр.
Шеберхана сөресінде тұрған мына құмыралар, құтылар мен кәдесыйлар көздің жауын алады. Барлығын шебер Виктория Кочемасова мен оның шәкірттері жасаған. Сақтандыру агенттігінде еңбек етіп жүрген әйел бала күмітіне байланысты демалысқа шыққан соң қолөнерге икемі барын кездейсоқ байқапты.
Виктория Кочемасова, шебер:
- Бірде қызыма достарым қытай ермаксазын сыйлаған еді. Қызым сол ермексаздан ойыншықтар жасап беруімді өтінді. Мен әр түрлі бұйымдар жасап көріп едім, икемім бар екенін байқадым. Содан туындыларымды әлеуметтік желіге жүктей бастадым. Оқырмандарым оған таңғалды. Сөйтіп үйде тек отырмай, қолөнермен айналысуды ұйғардым.
Виктория кейін қыш өнерін жан-жақты зерделеп, бизнес жобасын дайындаған. Оған мемлекет тарапынан қолдау да табыла кетті. Кәсіпкерлікті дамыту ұлттық жобасы аясында іскер әйелге 5 млн теңге грант берілген. Шебер ол қаражатқа айналма құрылғылар мен пеш сатып алған. Өндіріс орнында Виктория дәл осы өнерге қызығушылық танытқан тұрғындарға шеберлік сағатын өткізеді.
Валентина Сергеева, қала тұрғыны:
- Мен өзімнің туған күніме өз қолыммен сыйлық жасағым келді. Сөйтіп осында келіп, мына құтыны жасадым. Қыш өнері өте қызықты. Әрі психологиялық тұрғыдан оң әсерін тигізеді, себебі құты жасап жатқан кезде ойым басқа жаққа ауған жоқ. Мұнда тағы да келгім келеді.
Мамандардың айтуынша, қайтарымсыз грант тек бәсекесіз бизнес түрлері үшін беріледі. Былтыр облыста мемлекеттік бағдарлама шеңберінде 46 жоба қаржыландырылған. Оған қазынадан 200 млн теңге жұмсалыпты.
Мейрам Қабдығалиев, облыстық кәсіпкерлік және ИИД басқармасының бөлім басшысы:
- Бұл кәсіпкер өзінің өнімдерін шығарып, жүзеге асырып жатыр. Сонымен қатар кәсіби үйретуі бар өзінің. Қазіргі таңда бұл кәсіпкерге көптеген оқушылар келеді. Сонымен қатар ересек адамдар да, үлкен кісілерде келіп жатыр. Ұлттық жоба аясында мемлекеттік гранттарымыз осындай жаңа жобаларға беріледі. Облыста аз дамыған немесе мүлдем жоқ жобалардың бір түрі болу керек. Кәсіпкер ретінде тіркелген мерзімі 3 жылдан аспаған болу керек.
Ұлттық жоба басталғалы бері аймақта 300 кәсіпкерге қаржылай қолдау көрсетілген. Биыл да өтініштер қабылданып жатыр. Оған 138 млн теңге қарастырылған.
Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов, Елдар Аюпов