Сирек өсімдіктерді сақтап қалу амалы
Елордада климатты жатсынатын сирек өсімдіктерді жерсіндіру жүріп жатыр.
Жабысқақ қандыағаш, Сиверс пен Недзвецкий алмасы, Іле бөрі қарақаты және тағы да басқа сұрыптары жоғалу алдында тұр.
Мамандар тұқымын сақтап қалу мақсатында өсімдіктердің ДНК-сын мұздатып, көшірмесін жасайды.
Отандық ғалымдар Қазақстан даласында өсетін сирек өсімдіктерді сақтап қалудың қамын ойлап, амалын істеп жүр. Зертханада түрлі тәжірибеден өткізіп, тұқымын суық пен ыстыққа төзімді еткісі келеді. Елде осындай флораның 400 түрі бар. Ботаниктер олардың ДНК-сын зерттеп, клондау арқылы көптеген көшірмесін жасайды. Жиналған материалды арнайы ерітіндіге салады. Ортаға бейімдейді. Мәселен, Недзвецкий алма талын биыл 18 тамызда екті. Шамамен 45 күннен соң шымтезекке отырғызады. Екі айдан кейін көшеттер топыраққа егіледі. Зертхана қызметкерлері әр көшет түріне дара технология қолданады.
Айдана Нұртаза, ғылыми қызметкер:
- Бұл жарықтандыру бөлмесі арқылы барлық өсімдіктің кедергісіз өсуіне ерекше жағдай жасалады. Ауа температурасы мен жарықты қажетті мөлшерде реттейді. Арнайы лампалар Күн сәулесін алмастырады. Бөлмеде көшеттерді жерсіндіру, тамырын нығайту жұмыстары жүргізіледі.
Шағын көшеттің жайқалған өсімдікке айналу процесі мұнымен шектелмейді. Келесі кезең – жылыжай мен тәлімбақ. Осылайша климаты күрт құбылмалы өңірге бейімделген өсімдіктерді ұлттық саябақтарға тапсырады.
Алмагүл Кәкімжанова, Биотехнология және өсімдіктерді сұрыптау зертханасының меңгерушісі:
- Жойылып бара жатқан, Қызыл кітапқа енгізілген өте маңызды өсімдіктерді сақтап және оларды қайта жаңғырту. Сол бойынша қазіргі уақытта біздің зертханамызда Недзвецкий, Сиверс алмалары, Ольха клейкая, Іле барбарисі деген өсімдіктерді сақтап, көбейтіп Астанадағы Ботаникалық саябаққа енгіздік.
Зертханадағы жұмыс қауырт. Қазір ғалымдар аязға төзімді және Күн сәулесін көп қажет ететін «жабысқақ қандыағаш» тұқымын жандандырып жатыр. Бірақ бұл өсімдіктің топыраққа келгенде талғамы жоғары. Тізімде тағы Сайрам-Өгем ұлттық саябағында өсетін Янчевский қарақаты бар. Бұл жұмыстардың негізгі мақсаты - тұқым сапасын арттыру және көбейту.
Мирлан Алтынбек, Сабина Рақымбай, Ақылбек Есімсейітов, «Хабар 24»