Петропавлда жаңадан 10 қоқыс полигоны салынады
Петропавлдағы қоқыс полигоны лық толды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Алдағы 2-3 жылда жаңасы салынбаса, шаhар қоқыстың астында қалуы мүмкін. Экологиялық талаптар сақталмайды. Қатты тұрмыстық қалдықтар тиісті деңгейде сұрыпталмайды. Оның үстіне өртену фактілері жиі тіркеледі. Сондықтан экологтар кәсіпорын иесіне талай мәрте ескерту жасап, айыппұл салған. Тіпті оның жұмысын тоқтатуға нұсқама берген.
Айта-айта жауыр болған мәселе қоғамдық кеңесте талқыланды. Жауаптылардың айтуынша қазір жаңа полигонның техникалық экономикалық негіздемесі әзірленіп жатыр. Ол үшін бюджеттен қаржы бөлінді.
Жалпы алдағы уақытта облыс аумағында 10 полигон салу жоспарланған. Бүгінде оның 8-інің жобалық-сметалық құжаттары дайындалды.
Азамат Бектасов, Экология департаментінің басшысы:
- Облысымызда 450-ден астам осындай қоқыс үйінділерінің алаңдары бар. 450-дің ішінде 11-і ғана экологиялық құжаттары рәсімделген. Осы қалдықтарды дұрыс тасымалдау, дұрыс сұрыптау жүргізбегені үшін жылдан жылға осындай жану фактілері жиі кездесіп отырады.
Әділбек Әубәкіров, қала әкімінің орынбасары:
- Қазіргі полигонның жанында арнайы жер учаскесі бар. Дәл осындай мәселе Қызылжар ауданында да өткір тұр. Сондықтан біз техникалық экономикалық негіздемені жасаған соң әріптестермен бірлесіп, дұрыс шешім қабылдайтын боламыз.