Теміртаудағы трамвай паркі коммуналдық меншікке беріледі
Теміртаудағы трамвай паркі жабылуы мүмкін, деп хабарлайды «Хабар 24».
Кейінгі 8 айдан бері жұмысы тоқтап тұр. Осы аралықта мекеменің 140 жұмыскері орташа жалақы алып келген. Енді оларды компания арнайы оқу курсынан өткізіп, өзге жұмысқа тартады. Барлығы да металлургиялық комбинатта еңбек ететін болды. Оның үстіне заңға сәйкес әр жұмыскерге тиісті өтемақы төленеді. Негізі металлургтер комбинатқа осы трамваймен тегін қатынайтын. Ал қалған жұрт жолақысын жеңілдетілген тарифпен төлеп келген еді. Дегенмен парк иелерінің айтуынша, 1959 жылдан бергі рельстер әбден тозған, вагондарды қалың тат басқан. Жолаушы тасымалдауға қауіпті. Оны түгел жаңарту үшін қыруар қаржы керек. Ал бұл компанияға тиімсіз. Себебі трамвай паркі ешқандай пайда әкелмейді, - дейді олар. Сондықтан жаңғыртуға құлық танытып отырған жоқ. Тек жаппай техникалық бақылау жүргізіп, жобалау-сметалық құжатын әзірлеп, әкімдік балансына басыбүтін беруге ниетті.
Гүлнұр Әбдіғалиева, Теміртау қаласы әкімінің көмекшісі:
- Бұл әрқашан комбинаттың құрылымдық бөлімшесі болды. Бүгінгі таңда электр желілері, теміржол және жылжымалы құрам 100% тозған және пайдалануға жатпайды деген сараптамалық-техникалық қорытынды бар. Қала трамвай паркті толық жаңғырту және техникалық жарақтандыру шартымен коммуналдық меншікке алуға дайын. Қазіргі уақытта «АрселорМиттал Теміртау» трамвай паркі бойынша жобалық шешім дайындап жатыр. Содан кейін иесімен келіссөздер жалғасатын болады.