«Мерейлі отбасы». Шапағаты шексіз шаңырақ

Алматылық Сыбанбековтер отбасын айналасындағылар көпке үлгі болар шаңырақ деп таниды.

Отағасы Болат Сыбанбеков пен отанасы Сана Жандай адал еңбектерінің арқасында кәсібін дөңгелетіп қана қоймай, тәрбиелі ұрпақ өсіріп, мұқтаж жандарға көмек қолын созып келеді.

Биылғы "Мерейлі отбасы" байқауында алып шаһардан үздік шыққан отбасындағы құндылықтар, берік ұстанымдар туралы әңгімелесек.

Болат Сыбанбековтің әкесі көп жыл әскери салада қызмет етсе, анасы – білікті педагог болған. Екеуі де өздеріндегі бар асыл қасиетті баласының бойына дарыта білген. ЖОО-ны бітіріп, жеке кәсіпке бет бұрған Болат 1998 жылы жұбайы Санамен шаңырақ көтереді. Міне, бүгінде Болат пен Сана 4 бала тәрбиелеп отырған бақытты ата-ана.

Қалымхан Әбілдаева, қалалық байқаудың жеңімпазы:

- Алдымызға қойған мақсатымыз – балалрымыздың келешегі, өмірде өз орнын табуы деген мақсат тұрды алдымызда. Сол мақсатты іске асыру үшін мен Болатты тоғызыншы кластан бастап ЖОО-ға дайындайтын репетиторствоға бердім. Демалыс кезінде папасымен бірге полигонда болды. Қиыншылықтың бәрін сол жақта көреді. Сарбаздар борышын қалай өтеп жатыр екен, 5-11 класқа дейін полигонда бірге болды.

Болат Сыбанбеков, қалалық байқаудың жеңімпазы:

- Алматыда туып өстім, Алматыда мектеп бітірдім, институт бітірдім. Нағыз тәрбие – айтқан сөзіңде тұр, уақытылы істе. Әкеме қарап үлгі алдым.

Болат пен Сананың төрт баласы да өнерге бай. Себебі өз жұрты да, нағашылары да өлең-жырдан құр алақан емес. Туыстармен бас қосыла қалса, міндетті түрде түрлі аспаппен ән шырқалады.

Мерейлі отбасының өз кәсібі бар. Қағаздан тапсырысқа сай түрлі пішіндегі пакет жасап, Қазақстан нарығындағы ірі компаниялардың сұранысын қанағаттандырып отыр. Әуелде кішкентай кәсіп ретінде басталған дүниені осындай үлкен компанияға айналдырып үлгерген Болат пен Сана, қажет болса айналасынан көмегін аяған емес.

Сана Жандай, қалалық байқаудың жеңімпазы:

- 2019 жылдан бастап біз «Мектепке жол» республикалық акциясына қатысамыз. Мектепке баратын балаларға осындай рюкзак, кеңсе тауарларын, мектеп формасын жинап, мұқтаж отбасылардың балаларына таратамыз. Биыл төртінші жыл.

Баршагүл Молдахан, көпбалалы ана:

- Негізі біз 2009 жылы Сана ханыммен таныспай тұрғанда үйде отырған, мемлекетке алақанын жайған ана едік. Қазір өзіміз кәсіпкер, ЖК бар, мемлекетке салық төлеп жатырмын, өзімді, өзімнен бөлек 3 әйелді жұмыспен қамтып, төрт адам жұмыс істеп жатырмыз. Ол кісіге рахметтен басқа айтар сөзім жоқ. Ол тек бізге ғана емес, осы Наурызбай ауданында Бақытты отбасыда 3000-нан аса ана тіркелген. Кім қандай проблемамен барса да, барлығының мәселесін шешіп беруге дайын.

Досқа да, танысқа да құшағы мен қолы ашық, ағайын-туысқа сыйлы, әрдайым айналасына шарапаты тиіп жүретін Болат пен Сана кім-кімге де үлгі. Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны ілетіні секілді, осындай тәрбиені көріп өскен балалардың да келешекте ел үшін аянбай еңбек етері сөзсіз.

Гүлжан Көленқызы «Хабар 24» Алматы