Тик-Токта ұтыс ойнатқандар сотталды
Алматыда Тик-Ток желісінде онлайн бәс тігу арқылы құмар ойындарды жолға қойған 2 азамат анықталды.
Олар стрим ұйымдастырумен айналысқан. Тергеу барысында азаматтардың 4 ай ішінде 13 миллион теңгеге жуық заңсыз табыс тапқаны белгілі болды. Қазір күдіктілер кінәлі деп танылып, Сот үкімі шықты. Олар 1,5 жылға бас бостандығынан айырылды.
Ал бұған дейін дәл осындай фактімен төрт азамат ұсталған болатын.
Әлібек Әбділов, ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі:
- Бұған дейін Агенттіктің Алматы қаласы бойынша департаменті әлеуметтік желіде құмар ойындарды тарату бойынша қызметтің жолын кескен болатын. Заңсыз ойын бизнесі саласындағы дәл осындай құқық бұзушылықтар үшін 19 млн теңгеден астам аса ірі мөлшерде табыс тапқан төрт адамға сот 4 жылға бас бостандығынан айыру үкімін шығарды. Әлеуметтік желілерде құмар ойындарды ұйымдастыру заңсыз және ҚР «Ойын бизнесі туралы» заңының нормаларына қайшы келетінін еске саламыз.