Құмар ойын құрдымға құлатады
Құмар ойынға құнығу – ауыр дерт.
Елімізде бәс тігіп, оңай ақша тапқысы келетіндердің саны аз емес. Қазір әлеуметтік желілерде букмекерлік орталықтар мен онлайн ойынханаларлың жарнамасынан көз сүрінеді. Олар жастарды еліктірмей қоймады. Казиноларға тек қалталы азаматтар ғана бара ма?
Алмас Садуақас, тілші:
- Казино оттары алыстан жарқырап, көз тартады. Ойынханаларды Алматыдан Қапшағайға көшірген жылдары мұнда 20 казино, 40-тан астам букмекерлік орталық жұмыс істеген. Кейін олардың қатары сирегенімен, құмар ойынға құныққандардың саны көбеймесе, азайған жоқ. Қомақты ашқасы барларға ойынханалардың есігі күндіз де, түнде де айқара ашық. Қуана қарсы алады. Бейресми деректерге сүйенсек, елімізде 350 мыңға жуық адам бәс тігіп, лоторедан ақша ұтуға құмар екен.
Ұтысқа бәс тігіп, тәуекел ететіндердің нақты санын анықтау қиын. Қарапайым лотереялық билеттен алып, ақшасынан айырылған қаншама. Бұл казионға апаратын алғашқы қадам да болуы мүмкін. Қонаев қаласының тұрғыны Ақерке Жұмағазықызы казинода 1 жыл жұмыс істеген. Айтуынша, ойынға ақша тігіп, оңай олжа табамын деген талай тағдырды көрген.
Ақерке Жұмағазықызы, қала тұрғыны:
- Өз-өзімен адам күресе алмайды. Нәпсімен күресу бұл өмірде ең қиын ғой. Өздерінің нәпсісімен күресе алмайды. Өздерін жеңе алмағандықтан, сондай жолға түскен адамдар. Ақшасын, барлығын бір күнде ұтқызып жібереді. Ондайды көргенбіз. Өз көзіммен көргем ондай адамдарды. Соны енді болды ғой, енді тоқтату керек. Әйелімен де ұрысып жатыр. Ажырасуға дейін барады. Сондай кезді көргенде «аға, енді тоқтатпайсың ба» десең, «жоқ! Мен сол машинамды қайтарып алуым керек» дейді.
Лудомания лайына батқанның бірі – алматылық Бекзат Байсафаров. Ол 6 жылын құмарлықтың құрсауында өткізді. Әуелгі әуестік әдетке айналып, бар тапқан-таянғанын казиноға апарған. Кейін қарызға белшесінен батып, дүние мүлкінен айырылды. Отбасымен ұрысып, жақындарынан ажыраған.
Бекзат Байсафаров, Алматы қаласының тұрғыны:
- 6 жыл уақытым менің салауатты өмірсіз өтті ғой. Салауатты өмір болған жоқ. Дұрыс нәрсені көрген жоқпын, дұрыс адамдармен сөйлескен жоқпын. Дұрыс адамнан қашып, қиыншылықтан қашып, шындықтан қашып, өзімді тығып, құрдымға барып, соңында 6 жыл ішінде үйіме терезе арқылы кіретін болдым. Сондай дәрежеге жеттім.
Елімізде жеке тұлғалардың лотереяға бәс тігіп, ұтыс ойындарына қатысуына заңдық шектеу жоқ. Әркімнің өз еркіндегі мәселе. Экономикалық тұрғыдан қарағанда казинолардан мемлекет қазынасына салық түседі. Қазір Қонаев қаласында 5 казино тұрақты жұмыс істейді.
Айдын Абылқасым, қалалық кәсіпкерлік бөлімінің бас маманы:
- Осы ойын бизнесі нысандарынан түскен салық төлемдері 100 миллиардқа жуық теңге түсті. 5 букмекерлік контора бар бізде. Осы 2023 жылы сол сомада салық түсімі күтілуде деп болжап отырмыз.
Қазір қаладағы ойынханаларда 7 мың адам жұмыс істейді. Олар негізінен қызмет көрсету саласында еңбек етеді.
- Ауылдық жер адамдарының мен айтайын 80% осы казиноға жұмысқа келеді. Сондықтан казино жұмыс істей берсе деп мен ойлаймын. Бірақ оның минустары да бар. Көбі казиноға барып, ойынқұмарлар. Ол енді адамдардың өзіне байланысты деп ойлаймын.
- Казино білмеймін енді. Жұмыс істеп те көрген жоқпын, қасына да жолаған жоқпын. Негізінде ол харам нәрсе ғой.
- Менің ойымша, казиноның салықтары мүмкін қала экономикасына бір пайда алып келер.
Лудомания – кесел. Осы аурудың құрбаны болған Бекзат та осы пікірде. Қазір ол бұл кеселден арылып, казиноларға жоламайды. Тіпті осы лудомания дертіне шалдығып, жолынан адасқандарға жол көрсетіп жүр. Өзі секілді сан соққандармен бірлесіп, оңалту орталығын ашқан.
Бекзат Байсафаров, Алматы қаласының тұрғыны:
- Ешқашан жақсылыққа апармайды. Мен ондай адамдарды көрмеппін. Осы нәрсемен жеңіл ақша қалай келді, дәл солай кетеді. Құмар ойын – ол адамның сезіміне, эмоциясына құралған бизнес. Сен ол жерде қанша жақтан мықты білімді болсаң да, қанша жақтан физика, математикадан мықты болып, бір жүйең болып тұрғанның өзінде ешқашан ұмытпау керек, азарт деген нәрсеге байланысты бұл ойын. Азарт қосылған кезде немесе құмар ойын қосылған кезде адамның ешқандай білімі, ойлау қабілеті – бәрі шетке кетіп қалады. Ешкім ешқашан мына жерде көтеріп, бір бақытты өмір сүріп кеткен емес.
Қонавтағы казиноларға күн сайын сауық-сайран құрып, ақша табуға елімізден, тіпті шетелден азматтар келеді. Жарнамасындағы ұтыс лоттары құмарпаздарды алыстан баурайды. ҚР Бас прокуратура ақпараты бойынша былтыр республикадағы 305 мемлекеттік қызметкер шаһардағы казиноларға 507 миллион теңге ұтқызған.
Авторлары. Алмас Садуақас, Аят Дүйсембаев, Аманжол Жөнкешов.