Өскемендік кәсіпкерлер салықты жеңілдетуді сұрайды

Өскемендік кәсіпкерлер арнайы салық режимін өзгертуге күш салып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Отандық шағын бизнес өкілдері бүгінде кірістерінің 2 мен 4%-і аралығында төлем жасайды. Жалпы өңірлерде салық көлемі әркелкі болуы мүмкін. Өйткені мәслихат депутаттары мен жергілікті әкімдіктер бекітеді. Ал Шығыс Қазақстан облысында бөлшек салықтың ең жоғарғы бағамы белгіленген. Кәсіп иелері енді қызметтер мен тауарлардың қымбаттауы және сауда нысандарын жылыту мен логистика шығындарының артуына байланысты салықты жеңілдетуді сұрайды.

Бөлшек салық бағамын төмендету жөнінде бастама көтеріп жүрген жеке кәсіпкердің бірі – Рустам Адамов. Ол тірнектеп тапқан пайдамыздың 4%-ін бөліп беру қиынға түсетінін айтады. Сондықтан жергілікті шағын бизнес өкілдері үшін салық жүктемесін азайту жөніндегі ұсынысын орынды деп санайды.

Рустам Адамов, кәсіпкер:

- Өңірдің қатаң табиғи ерекшелігіне байланысты нысандарды жылытуға көп шығындаламыз. Одан бөлек, жұмысшылардың экологиялық еңбек демалысын қосымша төлеуіміз қажет. Сондықтан қазіргі қолданыстағы 4%-тік төлем шегі біз үшін ауыр тиіп отыр.

Өскеменде кәсіпкерліктің 15 категориясы бойынша бөлшек салық алынады. Негізінен оған азық-түлік дүкендері, дәріхана және қызмет көрсету орындары жатады. Шағын бизнес құрылымдарының басым бөлігі пандемия кезінде әбден тұралады. 2020 жылы карантиндік шектеулерге байланысты жеке кәсіпкерліктің экономикадағы үлесі 12%-ке кеміді. Қазір сауда-саттық айналымы қалпына келгенімен коммуналдық төлемдер мен көтерме бағада өсім байқалады. Кәсіпкерлер сондай-ақ салықтың жоғары болуы өнімдердің қымбаттауына әсер етіп тұр дейді. Тұтынушылар мобильді аударым арқылы есептескендіктен, тағы 3% банк алымы қосылады екен. Қалалық мәслихат депутаттары кәсіпкерлердің ұсынысын жіті қарап, түзетулер енгізу үшін жұмыс тобы құрылғанын айтады. Жаңа салықтық төлем бизнес өкілдерінің пайдасы мен бәсекелестіктің өзара ықпалы ескеріліп бекітілмек.   

Александр Светаш, қалалық мәслихат төрағасы:

- Әкімдіктің экономика, қаржы бөлімдері мен мемлекеттік кірістер басқармасының өкілдерінен құралған жұмысшы топ экономикалық қызметтің 190 түріне талдау жүргізетін болады. Салықтық режимнің проценттік ставкасын төмендетудің жолын қарастырамыз. 

Арнайы салықтық режим ағымдағы жылдың қаңтарынан бері қолданысқа енген болатын. Фискалды орган сарапшылары жалпы бұл жүйенің азаматтар үшін жоспарланбаған шығындарды болдырмауға септігі тиді деп есептейді.  

Гүлмира Сабырәлімова, Мемлекеттік кірістер департаментінің басқарма басшысы:

- Арнайы салық режимін қолданушылар әлеуметтік салықтан босатылған. Одан бөлек, салық төлеуші тарап қызметкерлердің жалақысы бойынша салық салуды азайта алады.

Яғни, мекеменің жұмысшыларды ұстап тұруға шығыны көбейген сайын қосымша төлемдер азая береді екен. Бұрынғыдай конверттегі жалақы төлеу жүйесі тиімсіз екендігін көрсетті. Мемлекет басшысының фискалдық саясатты реформалау қажеттігін атап өткені де сондықтан. Президент сондай-ақ салық жеңілдіктерін ретке келтіру механизміне жіті назар аударуды тапсырды. Тиімді тетік экономиканы ынталандырудың атаулы құралы болуға тиіс.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Вячеслав Ветлугин, Жігер Бабақанов.