Қала күні: Оралда жергілікті өнімдер көрмеге қойылды
Оралда шаһар мерекесі ауқымды шаралармен айшықталып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».
Жылдағы дәстүрге сай алдымен азық-түлік тауарларын өндірушілердің жәрмеңкесі мен шеберлердің қолөнер көрмесі ұйымдастырылды. Қалада шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 30 мыңнан асқан. Соның ішінде азық-түлік өндірісі дамып келеді. Аграрлы аймақта нан, ет және сүт өнімдерінің көлемі арта түсті. Жәрмеңкеде сол тауар түрлері сатылымға шығарылды. Ал шеберлер өз қолымен жасаған жұмсақ ойыншықтар, кәдесыйлар мен әшекей бұйымдарды көпшілік назарына ұсынды.
Мирболат Нұржанов, қала әкімінің орынбасары:
- «Сапалы өнімге» шыққан мекемелердің көбі өзіміздің қаламызды, облысымызды қамтып отыр және көрші облыстарымызды да. Атырау, Ақтөбеге де шығып отыр. Көршілес Ресей Федерациясына да, Самара, Орынбор, Саратов жаққа да шығарып жатыр өнімдерін. Осындай көрмелер әрі қарай бір-бірін дамытуға, өнімдерін дамытуға, ертең экспортқа да өзінің септігін тигізеді деп ойлаймыз.