Атырау облысы Мақат ауданындағы демалыс алаңының құрылысы қашан бітеді?
Атырау облысы Мақат ауданының орталығында демалыс алаңының құрылысы қайта қолға алынды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Негізі жұмыс 2017 жылы басталған. Алайда жобаны жүзеге асырушы мекеме қазынаның 48 млн теңге қаржысын желге ұшырып, ізін суытып үлгерді. Салдарынан құрылыс созбалаңға салынып кетті.
Жоба бойынша 3900 шаршы метр аумақты алып жатқан аллея төсем таспен қапталып, жан-жағына жарық шамдары орнатылуы тиіс еді. Ал мына қаңқасы қалған қондырғылар – бір кезде басталып, аяқсыз қалған балалар алаңының орны. Мердігердің жауапсыздығынан жылдарға созылған демалыс алаңының құрылысы әлі қаншаға созыларын тап басып айту қиын.
Ұлжан Шортаева, Мақат кентінің тұрғыны:
- Мамыр айында бастаймыз. 4 айда бітіріп, осы қыркүйекке балаларға пайдалануға береміз осы жерді деді. Негізі 2017 жылы 7 жылдан 8 жылға аяқ басып бара жатыр, алдап келе жатқандарына. Осы жерде 1-2 адам жыбырлап жүрсе, айтар едік «әй, жасап жатыр» деп. Адам жоқ.
Бүгінде қирандыға айналған алаңның құрлысын басқа мердігер қабылдап алыпты. Мекеме басшысы жұмыс кестеге сай жүргізіліп келеді. Үлгереміз деп отыр.
Болатбек Ахметов, мердігер мекеме басшысы:
- Демонтаж жұмыстары, бәрі бітіп тұр, толықтай. Адам, техника – бәрі бар. Бәрі қазір қаражатқа тіреліп тұр. Қаражат шешілсе, бұйырса, бітіреміз.
Қаражат бар. Бірақ 7 жылдан бері теке-тіреспен жүргенде құрылыс материалдары қымбатсып, бастапқы жобаға түзету енгізуге тура келді, - дейді билік басындағылар.
Ербол Ермағамбетов, Мақат ауданы әкімінің орынбасары:
- Жалпы жобаның құны – 112 млн. Келісімшартқа мердігермен отырдық, мамыр айында. Биылғы жылға 50 млн теңге қаражат бөлінді. Оны игеріп жатса, жылдың аяғында тағы да қосымша қаражат қаралатын болады.
Біздің түсінгеніміз, аллея құрылысы биыл да бітпейтін секілді. Бастапқы жобаға бөлінген 54 млн теңгенің 48 млн-ын желге ұшырған алғашқы мердігер тараздық «Масштабстрой» серіктестігін әкімдік сотқа беріпті. Оның немен тынатыны әзір белгісіз. Енді өткенге салауат, қазіргі мердігер басталған құрылысты аяғына жеткізсін, - дейді мақаттықтар.
Авторлары: Арыстанбек Кенже, Темірлан Сұлтанғазиев, Жандос Рахметуллин.