Елімізде 100-ге жуық арнайы мектеп жаңартылады

Келесі жылға қарай еліміздегі 100-ге жуық арнайы мектеп жаңартылады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ол үшін «Қазақстан халқына» қайырымдылық қоры қаражат бөледі. Бүгінде Астана қаласындағы арнайы балаларды оқытатын 2 мектептің оқу сыныптары толық жаңартылды. Бұл жұмыстар үшін қор қаражаты есебінен 73 миллион теңге жұмсалды. Мәселен, Елордадағы №3 арнайы мектепте 351 бала тәрбиеленіп жатыр. Онда логопед, қазақ тілі мен әдебиеті кабинеті, слесарь-ұста шеберханалары, акт залы мен спорт залы заманға сай қайта жабдықталған.

Болат Жәмішев, «Қазақстан халқына» қорының төрағасы:

- Ерекше күтімді қажет ететін балаларға қолдау көрсету керек. Олардың ата-аналарына да демеу қажет. Ол үшін біз алдымен арнайы мектептерді жарақтандыруды қолға алдық. Сонымен қатар облыс, аудандарда оңалту орталықтарын құрып жатырмыз. Аудандық деңгейде біз 16 оңалту орталығын салудың жобасын шығардық. Барлық өңірді қамтығымыз келеді.

Эльвира Әбішева, қала тұрғыны:

- 4 жыл болды осы мектеппен бірге өсіп келеміз. Баламның диагнозы – аутизм. Басында келгенде мүлдем сөйлей алмайтын. Қиын бала еді. Осында келіп, ашылып, сөйлей бастады. Ең бірінші түзету кабинетіне барасыңдар дегенде көзіме жас алғанмын. Бірақ осы 4 жыл ішінде барлық уайымым сейілді.