Мемлекет басшысы отандық кәсіпкерлермен кездесті

Мемлекеттік аппарат әрбір бизнесменге заң бұзушы ретінде қарамауы керек.

Мұндай ұстаным, түптеп келгенде, басқарудың репрессивті сипатына алып келеді. Ал кәсіпкерлер «шағымданушы» немесе «қолдауға мұқтаж» рөлінде көрінбей, мемлекеттік аппараттың теңқұқылы серіктесіне айналуға тиіс. Бүгін Ақордада бизнес өкілдерімен кездесу өткізген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді. Жиында мемлекет басшысы Әділетті Қазақстанның жаңа экономикалық моделін қалыптастыру жолында кәсіпкерлер белсене атсалысу қажеттігін де атады.

Ел экономикасын кемінде 6-7 пайызға дейін жеткізу керек деген үлкен міндет тұр. Сонымен қатар Әділетті Қазақстанның жаңа экономикалық моделін қалыптастыруға да кірістік. Ол үшін бизнестің жеке бастамаларына барынша қолдау көрсету қажет. Салада қордаланған мәселелер де шешілуге тиіс. Ал бүгінде бизнесті Заң үстемдігі мен жеке меншіктің қорғалуы сынды маңызды сұрақтар толғандыратын көрінеді. Сондықтан бүгінгі жиында мемлекет басшысы жүйедегі бірқатар түйткілді шешу қажеттігін баса айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Мәселен, бақылаушы органдар мен соттар заң бұзушылықтың формальды белгілерін анықтаған кезде, оның мән-жайын тексеру қағидатын басшылыққа алмайды. Кәсіпорын қызметіндегі кез келген, тіпті болмашы қателіктің өзі көбіне қылмыс сияқты қаралады. Нәтижесінде еліміздің экономикасы ұдайы қылмыстық-құқықтық қысымға ұшырайды. Осы жиынға қатысып отырған құқық қорғау органдарының басшылары бұл мәселеге айрықша назар аударғаны жөн. Бизнестен күштік құрылымдардың әрекеттеріне қатысты арыз-шағымдар толассыз түсіп жатыр.

Экономикалық сипаттағы қылмысқа қарсы күрес тек заң аясында жүргізілуі керек. Мұндай асырасілтеушілік Президент бастамаларына деген халықтың сенімін азайтады. Осы ретте Қасым-Жомарт Тоқаев маңызды инвестициялық жобаның жүзеге асу барысын бақылау үшін қадағалаушы органнан бір қызметкерді бекіту туралы тапсырма бергенін атады. Алайда бұл мәселеде айтарлықтай нәтиже жоқ. Сондықтан мемлекет басшысы Президент Әкімшілігіне Бас прокуратурамен және Бизнес-омбудсменмен бірлесе тиісті ұсыныс енгізуді тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бүгінде қылмыстық және азаматтық істердің небәрі 5 пайызы ғана кассацияға жолданады. Бұл өте аз және азаматтардың сұранысына сәйкес келмейді. Сондықтан заңгерлер және кәсіпкерлер қоғамдастығымен өз алдына бөлек кассациялық инстанция құру мәселесі жөнінде кеңес өткізу қажеттігі пісіп жетілді деп ойлаймын. Судьялар корпусы бұл қадам азаматтардың құқықтарын сапалы қорғауға мүмкіндік береді деп санайды. Президент Әкімшілігі бұл мәселені қолға алады. Кассациялық сотты құру жөнінде ортақ пікірге келсек, сот жүйесінің бюджетін ұлғайтуға жол бермейміз. Бизнестің заңды мүддесін сақтау және қорғау – бұл біздің басты міндетіміз.

Елдегі салықтың 80 пайызын 260-қа жуық компания төлейді. Бұл теңгерімсіздікті басқа төлеушілердің салықтық түсімін арттыру арқылы түзету керек. Ол үшін Президент қазынаға түсетін салымдарды төлеу тиімді әрі оңай болуы қажеттігін атады. Сондықтан заңнамадағы өзгерту жұмыстарын созбалаңға салмай, ретке келтіру керек - деді мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Сарапшылардың бағалауына сәйкес, елімізде жұмыспен қамтылған жалпы халықтың 4 миллионы табысынан ешбір төлем аудармайды. Жеңілдетілген салық режимі енгізілгеніне қарамастан, микро және шағын бизнес субъектілері табысын жасырып, ақша айналымын азайтып көрсетеді. Бизнес субъектілерінің 70 пайызға жуығы жеңілдетілген декларацияда 5 миллионнан аз табыс көрсетіп, осы режим аясындағы түсімдердің 6 пайызын ғана төлейді. Енді бұндай кем-кетіктерді ретке келтіріп, белсенді салық төлеушілерді көбейту керек.

Ендігі бір мәселе - нақты индустрияландыруды қамтамасыз ету. Бұл бағытта кедергілердің көптігі кәсіпорындар «ғұмырының» ұзаққа созылмауынан байқалады. Еліміздегі компаниялардың төрттен бірі ғана ашылғаннан кейін екінші жылы нарықта қалады. Ал өзге елдерде бұл көрсеткіш 70-80 пайызға тең. Президенттің сөзінше бұл Қазақстандағы бизнес-ахуалдың әлі де жетілмегенін көрсетеді. Сондықтан Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке ішкі нарықты қорғау және қолдау шараларының озық тәжірибелерін батыл әрі кеңінен меңгеруді тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Шын мәнінде, біз импортты субсидиялау ісін жалғастырып жатырмыз. Бұл өндірістің бастапқы қалыптасу сатысындағы табиғи құбылыс екенін түсінемін. Сондықтан аталған мәселеге «өсім дерті» ретінде қараймыз. Ештеңе болмағаннан гөрі, осындай өндірістің болғаны дұрыс. Алайда Үкімет өндірістің жергілікті қамту үлесін арттыру мәселесімен мұқият және жан-жақты айналысуға тиіс. Кейбір компаниялар жергілікті қамту үлесіне еңбекақы төлеу қорын, коммуналдық қызметтерге және жарнамаға жұмсалған шығындарды қосатын жағдайға жетті. Мұндай көзбояушылықтың бізге қажеті жоқ. Бұл жерде «Атамекен» палатасының рөлі анағұрлым белсенді әрі пайдалы болуға тиіс.

Жиында Президент мұнай сервисі саласына да ерекше тоқталды. Бұл бағыт отандық экономиканы әртараптандырудың және өсімді қамтамасыз етудің негізгі тетігі болуы керек. Қазір Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ кен орындарындағы жобаларды жобалаумен басқа мемлекеттер айналысып жатыр. Бұл ретте импорттық материалдар мен құрылғылар есепке алынатыны белгілі. Яғни, отандық өндірушілердің мұнай-газ саласындағы жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін шектейді. Сондықтан Президент Үкіметке ұтымды шешім шығаруды міндеттеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Ірі жобалардағы тауарлардың жергілікті үлесі 5 пайызға да жетпейді. Үкімет жергілікті инженерлер мен компанияларды міндетті түрде тарта отырып, жобалық дизайн-кеңселерді Қазақстанға көшіруге ықпал етуге тиіс. Бұл ретте шетелдік серіктестер алдындағы келісімшарттық міндеттемелерді бұзу туралы әңгіме болмауға тиіс екенін арнайы атап өткім келеді. Сонымен қатар біздің де талаптарымыздың ескерілгенін қалаймыз. Отандық мұнай сервисі компанияларына қаржылай қолдау көрсету мәселесін шешу керек. Мұнай-газ корпорацияларымен қол қойылған келісімшартты кепіл ретінде қарастыра отырып, қазақстандық компанияларды банк арқылы қаржыландыру бойынша нақты шаралар қабылдау керек.

Кездесу соңында Президент Ұлттық кәсіпкерлер палатасының негізгі міндеті – бизнес пен мемлекет арасындағы тиімді диалогтың негізгі өзегі болу керектігін атады. Палата кәсіпкерлердің ортақ пікірін толық жеткізіп, әлеуметтік-экономикалық реформаларды ілгерілететін ұйым болуға тиіс. Сондықтан оның корпоративтік басқару сапасын айтарлықтай арттыру қажет деді мемлекет басшысы.

Авторы: Риат Шони