Н. Сабильянов: Экологиялық коэффициентті көтеру керек

Абай облысындағы Семей полигонынан зардап шеккен аудандардың  экологиялық коэффициенттері экологиялық аймақтарға жататын басқа өңірлермен салыстырғанда төмен.

Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында аймақтағы денсаулық сақтау саласы мәселесін көтерген депутат Нұртай Сабильянов айтты. Салдарынан облыстағы медицина қызметкерлері тиісті үстеме ақы ала алмайды. Сондай-ақ азаматтар емделу үшін электрондық портал арқылы берілетін квотаны кемі 1-2 ай күтуге мәжбүр, -дейді депутат.

Нұртай Сабильянов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Жедел жәрдем қызметінде жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландырудың Абай облысы бойынша базалық тарифінің мөлшерін аймақтағы орналасқан елді мекендердің арақашықтығын, аурулардың құрылымын, санын ескере отырып ұлғайту керек. Жедел жәрдем көліктері және санитарлық автокөліктер ескірген, оларды жаңарту және қызметкерлердің арнайы жұмыс киімін алуына тиісті қаражат бөлінуін қамтамасыз ету қажет.