СҚО-дағы Дайындық ауылында жұмыссыз адам жоқ
Ауылына қарасаң, азаматын танисың. Дайындық ауылының түтіні түзу, тұрмысы оңтайлы. Жұмыссыз адам жоқ.
Елді мекенде жыл сайын жаңадан әлеуметтік нысан салынады. Осының арқасында мұнда көшіп келгісі келетіндердің қатары артқан. Ауылдағы игі жобалар еңбектің көзін тапқан Біржан Шәймерденовтың жетекшілігімен жүзеге асады. Туған жерін түлетіп отырған шаруамен әріптесім Самат Қайырденұлы кездесті.
Садықовтар әулеті Қызылорда облысынан жақында көшіп келді. Көпбалалы отбасы Дайындық ауылына жайғасты. Мұнда тұрақты жұмыс бар. Әрі жайлы өмір сүруге барлық жағдай жасалған.
Ләззәт Садықова, Дайындық ауылының тұрғыны:
- Келгенімізге 1 ай болды. Жұмыс берді, үй берді. Бала-шағамызды мектепке, балабақшаға орналастырды. Қызым аспаз болып асханаға кірді. Өзім, құдай қаласа, дүкен ашылып жатыр, соған сатушы болып жұмысқа алып жатыр. Ертең фитнес, бильярд ашылады. Шаштараз ашылады. Мешіт бар. Балалар ойнайтын саябақтары бар. Жақсы, ұнады бәрі өзіме.
Ауылдағы бала саны күрт артқандықтан биыл жаңа мектеп салынды. Білім ошағы 85 миллион теңгеге небәрі 3 айда бой көтерді. Қазір мұнда тек бастауыш сынып оқушылары оқиды
Талғат Рамазанов, мектеп директоры:
- Бұрын 2 ауысымда оқитынбыз. Балаларға үйірмелерді өткізу қиын болатын. Сағат 7-9-ға дейін жүретін үйірмелерде. Қазір, міне, бір ауысым оқып жатырмыз. Мұның тіимділігі, балалар бір-біріне кедергі қылмайды. Бастауыш сыныптар өздері бөлек.
Дайындық – өңірдегі үлгілі ауылдардың қатарында. Ауызбіршілігі мығым, тірлігі келісті. Көшеде бос жүрген адамды байқамайсыз. Тұрғындардың жартысы мал фермасында, қалғаны орақ науқанында еңбек етеді. Олар үшін маңызды науқан күзгі жиын-терім басталды.
Азамат Сағындықов, агроном:
- Биылғы орақ басқа жылдармен салыстырғанда өте қиын. 2 аптадай уақыт тұрып қалдық біз, жұмыс істей алмай. Қазір екінші-үшінші күн, жұмыс істеп жатырмыз. Егіннің өнімділігіне қарасақ, міне, қазір 2-3 өрісті алып тастадық. Артымыздағы өріс 25 центнерден беріп жатыр.
Еңбектің көзін тапқан Біржан Шәймерденов халықты ортақ іске жұмылдыра білді. Тапқан таянғанын қалтаға баспай, туған жердің гүлденуіне жұмсайды. Ауылда биыл 12 баспана салынып тұрғындарға тегін үлестірілді. Бұл бастама келер жылы да жалғасын табады.
Біржан Шәймерденов, шаруа:
- Абай айтқандай, еңбек қыл да, мал тап деген. Қазір ауылда бәрі жұмыс істейді. Жай отырған адам жоқ. 137 отбасы жазылды біздің ауылға. Соның арасынан іріктеп, 12 отбасын алдық. Олардың бәрі еңбек қылып жатыр. Мал фермасында, техникада істеп жатқандары бар.
Тағы бір тың жоба ауылда май зауыты салынып жатыр. Жуырда іске қосылады. Бұл тағы бірнеше адам жұмыспен қамтылады деген сөз.
Авторлары: Самат Қайырденұлы, Қуаныш Қазбеков.