Арқалық қаласында көмірге кезек көбейді

Арқалық қаласында күз түскелі көмірге сұраныс артты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Теміржол бойында кезекте тұрған көлік санында есеп жоқ. Жүргізушілер қашан келсе де, кезектің азаймайтынын айтып шағымданады. Тұрғындардың айтуынша, күніне 5 вагон келеді. Бірақ ол бәріне бірдей жетпейді. Ал облыстық энергетика басқармасының мәлімдеуінше, өңірдің көмірге қажеттілігі – 500 мың тонна. Дәл қазір оның 57%-і ғана әкелінген. Арқалықтағы жағдай бақылауда. Қазір бұл теміржол тұйығынан тек қала тұрғындары емес, оңтүстіктегі 3 ауданның халқы да қысқа қажетті отынды тасымалдап жатыр. Сол себепті сұраныс жоғары. Жағдайды жақсарту үшін қосымша вагондар керек, - дейді мамандар.

Талгат Лайықов, облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының бөлім басшысы:

- Тұрғындардың арасында талас болмас үшін көмір тасымалын арттыру қажет. Біздер бұл ретте қосымша жартылай вагондар беруді сұрап «Қазақстан темір жолы» компаниясына хат жаздық. Қазір бұл мәселені шешу жолдары қарастырылып жатыр. Бүгінгі күні Арқалыққа әзірге 10 жартылай вагон ғана бөлінген.