Шымкентте полиция командирі парадан бас тартты
Көлік жүргізушісі 1 милион теңге пара ұсынған, деп хабарлайды «Хабар 24».
Жол-патрульдік полициясының командирі көп ойланбай, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Call-орталығына хабарласты. Сөйтіп, әкімшілік жазадан құтылмақ болған темір тұлпар иесіне қатысты қылмыстық іс қозғалды. Тағы бір жайт, құжатты жедел рәсімдеуді талап еткен тұрғын сот отырысының хатшысына қымбат сыйлық беріп жіберген. Бірақ ол да сыйақыдан бас тартып, антикорға арызданды. Күдікті енді 345 мың теңге айыппұл төлеуге тиіс.
Жандос Жұмабаев, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының бірінші орынбасары:
- Бұл заңға сәйкес әрбір мемлекеттік орган қызметкерлерінің міндеттеріне кіреді. Жоғарыда аталған тұлғалардың оларға деген заңсыз сыйақының берілуі жайлы хабарлауы олардың сыбайлас жемқорлыққа нөлдік төзімділіктерін көрсетеді. Бұл бағыттағы жұмыстарымыз жалғасын табатын болады.