«Тамғалы тас» шатқалында «Қазқұтқару-2023» оқу-жаттығуы басталды

Қонаев қаласы маңындағы «Тамғалы тас» шатқалында «Қазқұтқару-2023» дәстүрлі халықаралық оқу-жаттығу басталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Төтенше жағдай кезінде арнайы қызметтердің дайындығы пысықталып,  техникасының тегеуіріні тексеріледі. Оған Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан мен Әзірбайжан елінің құтқару қызметінің құрылымдары қатысып жатыр.

Техногендік апат кезінде құтқарушылар оқиға орнына шұғыл жетіп, апат зардабын азайту керек. Тікұшақтардың көмегімен өртке оранған нысан сөндірілді. «Ми-8» ұшағы 1 тоннадан астам суды тасымалдай алады. Осындай жаттығу барысында ұшқыштар біліктілігін сынайды. Жаттығуға 300-ден астам адам қатысты.

Қанат Батырбекұлы, құтқарушы:

- Былтыр 2022 жылы «Қазқұтқару» құтқарушылар арасында өткен көпсайыста ІІ орын иелендік. Биыл сол себептен халықаралық жарысқа бізді қатыстырып отыр. Бұл жарыста да жақсы нәтиже көрсететіміз деген ойдамыз.

Жатығу алаңында сүңгуірлер де кәсіби даярлығын тексерді. Іле өзенінде ол үшін мол мүмкіндік бар.

Алмас Садуақас, тілші:

- Жаттығу барысында суда құтқару амалы жасалды. Қайықтары апатқа ұшыраған жандарды құтқаруға жағалаудағы қауіпсіздік қызметі мен тікұшақтар жұмылдырылды.

Өзенге аққан адамдарды құтқару үшін әуеден тікұшақ, сумен құтқару қайықтары жетті. Техникалық қауіпсіздік ережелерін бір сәтке де естен шығармау керек. Төтенше жағдай қызметіне ең керегі – арнайы құрылғылар  мен заманауи техника. Іс-шараға қатысқан ҚР Төтенше жағдай министрі  барлық облыстық департамент әуеден барлау техникасымен қамтамасыз етіледі деді.

Сырым Шәріпханов, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:

- Мүмкіншілігі жоғары дрондарды алайын деп отырмыз. Ондай жұмыс атқарылып жатыр.

Жаттығу кезінде 5 елдің төтенше жағдай қызметі қираған ғимараттар мен құрылыстарда, таулы жерлерде іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізеді. Әуе және теміржол көлігінде, химиялық қауіпті нысандарда апатты жоюға қатысады. Сонымен бірге өртті сөндіру және зардап шеккендерді құтқару бойынша авариялық-құтқару қызметтерін көрсетеді. Жаттығу 1 аптаға жалғасады.

Авторлары: Алмас Садуақас, Аят Дүйсембаев, Аманжол Жөнкешов.