Орманшылар әулетінің ұрпағы ұлттық саябақта 40 жыл еңбек етіп келеді
Орманға деген отбасылық махаббат.
Бұл – Бегімбетовтер әулетіне қаратып айтылған тіркес. Осы шаңырақтың қатарынан үшінші ұрпағы жасыл өскіндерді қорғаумен келеді. Орманшы әулеттің екінші буын өкілі Қайрат Бегімбетовпен кездескен тілшімізді тыңдайық.
Мемлекеттік инспектор Қайрат Бегімбетов Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық саябағында 40 жылға жуық еңбек етіп келеді. Орманға деген махаббат оның қанында бар. Олардың отбасында бұл мамандықтың сыры ұрпақтан-ұрпаққа беріліп келеді. Орманшылық кәсіп Қайраттың әкесі Әбдірахманнан басталады. Ол осы жерлерді 40 жылдан астам аралады. Бүгінде бұл шатқал Әбдірахман шатқалы деп аталады.
Қайрат Бегімбетов, Іле-Алатауы ұлттық паркінің мемлекеттік инспекторы:
- Әкем орман шаруашылығы құрылған күннен бастап өмір бойы осында еңбек етті. Ағаларым орман шаруашылығында жұмыс істеген. Сол жолды қазір мен жалғастырып келемін. Менен кейін ұлым ізімді жалғар деп үміттенемін. Маған жұмысым ұнайды. Жалпы кез келген адамға өз мамандығы ұнауы керек.
Қайрат Бегімбетовтің жұмыс күні таң бозынан басталады. Үйдің табалдырығын аттасам болды, жұмыстамын, - деп әзілдейді өзі. Қайраттың қиын жұмыстағы басты көмекшісі – тұлпары Арбат.
Қайрат Бегімбетов, Іле-Алатауы ұлттық паркінің мемлекеттік инспекторы:
- Онсыз жұмысым өнбейді. Неліктен? Өйткені күн сайын тауға өрлеп, сай-саланы аралап 20 шақырым жүремін. Одан бөлек, жұмыстар да жетерлік. Бұл – менің адал досым, көмекшім.
Тарпаң тұлпар 10 жылдан бері орман қорғау қызметінде. Таулы жердің әр бұрышын жатқа біледі, жолынан жаңылған емес.
Қайрат Бегімбетов, Іле-Алатауы ұлттық паркінің мемлекеттік инспекторы:
- Ол бәрін тілсіз түсінеді. Айталық, тоқтау қажет жағдай болса – тоқтайды. Жануар болса да, бір-бірімізбен керемет үйлесім бар. Осынша жылда бір-бірімізге үйреніп қалдық.
Орманшының жұмысында салқынқандылық, шыдамдылық, зейінділік маңызды, - дейді Қайрат. Өзгелер ормандағы барлық ағаш бірдей деп ойлайды, бірақ инспектор үшін әрбір ағаш пен бұта өзгеше әрі жадыда жатталып қалған.
Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мен ормандарды қорғау қызметінде кездейсоқ адам жоқ. Бұл – өз ісіне адалдық, - дейді Қайрат. Өмірін орманмен байланыстыруға бел буған адам бұл кәсіптен ешқашан айнымайды.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Карлыгаш Менаякова, Валентин Лобанов.