Павлодар көшелеріне ерекше камералар орнатылды

Павлодар қаласындағы ірі сауда орынның бірінде адамдардың бет-бейнесін танитын бақылау камералары орнатылды.

Цифрлық жүйе іздеуде жүрген, хабар-ошарсыз кеткен және заңбұзушылыққа бейім азаматтарды анықтауға арналған. Камералар көмегімен қасақана алимент төлемей жүрген ата-аналарды да табуға мүмкіндік бар.

Заманауи құралдар жергілікті полиция қызметінің мәліметтер базасына қосылған. Яғни күдікті анықталған жағдайда ақпарат бірден тәртіп сақшыларына түседі.

Мамандардың айтуынша, пилоттық жоба әзірге облыс орталығында сынақ ретінде жүзеге асып жатыр. Кейін басқа қалаларға да орнатылады.

Қазір полицейлердің базасында іздеуде жүрген қылмыскерлер мен хабар-ошарсыз жоғалған 150 адам туралы ақпарат бар.

Арман қаптаев, қалалық полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары:

- Бейнекамераларға іздеуде жүрген немесе күдіктілер түсіп қалса, сауда үйінің қауіпсіздік қызметіне және полиция бөлімшелеріне бірден дабыл түседі. Бұған небары 5-10 минут кетеді. Тәртіп сақшылары оқиға орнына дереу жетіп, күдіктіге қатысты тиісті шара қолданады. Озық жүйе қауіпсіздік шараларын нығайтумен қатар, тәртіп сақшыларының жұмысын оңтайландырады.