Бәрі жекеге өтіп кеткен. Елде нефролог-дәрігер жетіспейді
Қазақстанда нефрологиялық қызмет көрсету стандартын қайта қарау ұсынылды.
Елде созылмалы бүйрек ауруы бар науқастардың саны артып келеді. Сарапшылардың сөзінше, емханаларда нефрологтар жетіспейді, тиісті скринингтік бағдарлама жоқ. Ал Қазақстандағы диализ орталықтарының 90%-ға жуығы жекеменшік. Осыған байланысты олар көрсететін қызметтердің сапасын бақылау мүмкін емес.
Қызылорда облысының 33 жастағы тұрғыны Мұрат Батырбек 3 жылдан бері гемодиализ қабылдап келеді. Ол бүйрек қызметін атқаратын аппаратқа аптасына үш рет қосылады. Процедураны арнайы орталықта қабылдайды. Биыл жазда осындай ем-шаралардың бірінен кейін ер адамның денесінде үлкен жаралар пайда болған. Салдарынан науқас облыстық ауруханаға жатып емделуге мәжбүр болыпты.
Кейіпкеріміз медициналық тексеріс нәтижесімен де бөлісті. Оның айтуынша, дәрігерлер гемодиализ орталығы суды тазарту сапасына қойылатын талаптарды сақтамауынан денеде бөртпе пайда болды деген қорытынды жасапты.
Мұрат Батырбек, Қызылорда облысының тұрғыны:
- Уақытылы фильтр ауыстырылмайды. Фильтрді далаға апарып қағып-қағып сала береді. Фильтрді қаққан жерін көзімен көрдім. Күнделікті айдаған машинамыздың да аптасына болмаса да айына бір рет фильтр ауыстырып, лақтырып жібереміз, біз сонда машина құрлы болмадық қой. Үстіміздегі қотырдың бәрі фильтрден. Заводской канистрды қойып жатырмыз деп бізді алдап қойды, бірақ ешқандай да біздің үстіміздегі қотыр кетіп жатқан жоқ.
Дәрігерлердің кеңесінен кейін ер адам диализ орталығын ауыстырды. Қазір ол Шиеліден 70 шақырым жерде орналасқан көрші ауылға барып, процедураларды қабылдайды. Гемодиализдегі пациенттер қауымдастығының басшысы Айжан Мұхтарованың айтуынша, Қызылорда облысындағы жағдай бір ғана мысал. Бүйрек жетіспеушілігі бар пациенттер басқа қиындықтарға тап болады.
Айжан Кударова, Шымкент тұрғыны:
- Дегенмен де өзекті мәселелер толып жатыр, ол – дәрі дәрмектің жетіспеушілігі, витаминдер салынбай жатыр қазір. Проблемалар туралы айтсам, дәл қазір Арал, Шиелі деген елді мекендерде, ол Қызылорда облысы, білесіздер, гемодиализ сапасы нашар. Маман жоқ. Осыған Үкімет назар аударып, көңіл бөлсе екен деймін. Олардың жан айқайын, көз жасын естісе екен деймін. Арал, Шиелінің пациенттеріне қол үшін созып, осы түйіткілді мәселені шешсе екен деймін.
Жақында әлеуметтік желілерде елорданың жеке орталықтарында түсірілген видео таралды. Кадрларда гемодиализ аппараттың жанында қан төгілгенін байқауға болады, ал орталық қызметкері оны шүберекпен сүртеді.
Тәуелсіз нефрологтың пікірінше, бұның бәрі тиісті бақылаудың жоқтығынан.
Орынгүл Нарманова, нефролог:
- Тексеріс жоқ, оны тек қана фонд жасайды. Ал фонд жасаған кезде ол кішкене ғана штраф береді. 500 мың, 1 миллион. Ол түк емес қой бизнеске. Өйткені мына беріліп жатқан ақшаға негізі жоқ пунктпен жазылу керек. 50 мың беріле ме? 50 мың қайда кету керек? Сұрауы жоқ. Бірақ стандартта бар. Қазір пациенттердің қауіпсіздігі ескерілмеген. Құқылары жоқ және витамин не керек? Неге ақша жұмсайды олар? Олар арендаға жұмсайды. 80%-ы ғимаратты жалға алуға кетеді. Сондықтан пациенттерге жөнді дәрі бермейді. Экономдайды. Ал пациенттер, кешіріңіз, пациенттер оны білмейді. Олар дәрігер емес қой.
2023 жылы амбулаториялық гемодиализ, яғни күндізгі стационарда қызмет көрсетуге 42,6 млрд теңгеге келісімшарттар жасалды. Салыстыру үшін айта кетейік, 2021 жылы шамамен 36,4 млрд теңгеге келісімшарттар жасалды. Яғни, қаржыландыру 17%-ға өсті. 2023 жылы амбулаториялық гемодиализдің бір сеансы үшін тариф 35790 теңге.
Айта кету керек, 10 жыл бұрын гемодиализ орталықтары жекеменшік қолға өтті. Бүгінде олардың 90%-ға жуығы осы санатта. Биыл әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен шарт жасасқан 124 мекеменің 97-сі жекеменшік.
Орынгүл Нарманова, нефролог:
- 2003 жылы стандарт енгізілген. Ол стандартта нақты-нақты жазылған. Қалай тексерілу керек. Пациенттердің қауіпсіздігі, қандай құрал-жабдық болу керек, қандай дәрі-дәрмек, витамин граммына дейін, пайызға дейін бәрі жазылған. Бәріміз соған үлес қосқанбыз 2003 жылы. Енді 2022 жылы, Диализ провайдерлерінің қауымдастығы деген ЗТБ бар. Жекеменшік орталықтардың бәрін жұмыс тобына кіргізіп алған. Оны Денсаулық сақтау министрлігі білмейді. Кімнің қайда жұмыс істейтінін. Бәрі лобби болып жатыр да. Өздерінің жұмыстарын жақсы жүргізу үшін керек нәрселердің бәрін алып тастаған.
Санитарлық эпидемиологиялық бақылау комитеті мұндай орталықтар прокуратураның рұқсатымен ғана тексерілетінін хабарлады. Ал жоспарлы тексеріс жасауға тек Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының ғана өкілеттігі бар. Қордың 2021 жылғы мониторинг нәтижелері бойынша Қызылорда облысының гемодиализ орталықтарына 1,5 миллион теңгеге жуық айыппұл салынған.
2021 жылғы мониторинг қорытындысы бойынша алу сомасы – 1 440 000 теңгеден асты. Бұл медициналық көмек көрсету стандарттарын сақтамау және клиникалық хаттамаларға сәйкес препараттармен, медициналық бұйымдармен уақтылы қамтамасыз етпеуге қатысты заңбұзушылықтар – делінген Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры таратқан ақпаратта.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, 2040 жылы бүйрек аурулары өлім-жітімге әкелетін төрт сырқаттың бірі болады. Ал дәрігерлердің сөзінше, Қазақстанда қазірдің өзінде нефрологтар жетіспейді. Сондықтан ауруды ерте анықтау ісі кенжелеп тұр. Бүгінде бүйрегі ауыратын адамдарды жалпы тәжірибеклік дәрігерлер бақылайды.
Ғазиза Мұхамеджанова, Ербол Дайыров, Мейрам Жүнісов, «Хабар-24».