Маңғыстау облысында 7 мұғалім жалған дипломмен жұмыс істеген
Бұл - Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданындағы мектептерде болған жағдай.
Енді олар осы күнге дейін мемлекеттен алып жүрген үстемақыны қайтаруға тиіс. Қазір іс бойынша материалдар сотта қаралып жатыр. Тағы бір мұғалім қылмыстық жауапкершілікке тартылып, оған 70 мың теңге көлемінде айыппұл салынды. Жалпы биыл жергілікті колледжде жалған дипломмен сабақ берген 8 оқытушы жұмыстан шығарылды. Ал былтыр осындай 14 қылмыстық іс қозғалған.
Біржан Хайруллин, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының орынбасары:
- Облыстық білім басқармасымен білім беру бөлімдерінде тиісті кездесулерді ұйымдастырып келе жатырмыз. Мұғалімдер — біздің болашақ мамандарды дайындайтын болғандықтан, оларға мұндай фактінің алдын алу бойынша тұрақты түрде жұмыс жүргізу ұсынылды. 2021 жылдан бастап алынған дипломдар интернет ресурсында көрінеді. Яғни, тексеріледі. Ал қалғандарын жұмысқа қабылдау кезінде жұмысқа қабылдаушы мекемелер тиісті оқу орнына сұраныс жолдау арқылы анықтауға болады.