Елде 5 қарашада әкімдер сайлауы өтеді
5 қарашада алғаш рет облыстық маңыздағы 3 қала мен 42 ауданның әкімі сайланады.
Сайлау өтетін өңірлер тізімін облыстық мәслихаттар бекітті. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясы хабарлады. Кандидаттарды тіркеу 5 қазанға дейін. Егер сайлауда жалғыз үміткер ұсынылса, аумақтық сайлау комиссиясы ұсыну мерзімін ұзарта алады. Саяси партиялар мен облыс әкімі өз кандидатын ұсынуға құқылы. Өзін өзі ұсынған үміткердің мемлекеттік қызметтегі тәжірибесі міндетті емес. Тек, бес жыл еңбек өтілі, оның ішінде штат саны елу адамнан асатын ұйымға екі жыл басшылық етуге тиіс. Және 350 мың теңге жарна төлеуі шарт.
Константин Петров, ҚР Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары:
- Кандидаттарды тіркеу кезеңі 25 күнге созылады. Тіркеу аяқталған соң 24 күн бойы сайлауалды үгіт науқаны жүргізіледі. Жасы 25-тен асқан кез келген азамат бағын сынай алады. Тек, әкімшілік-аумақтық бірлікте тіркелген сайлаушылардың 1 пайызының қолдауын алуы қажет. Жаңа әкім 4 жыл мерзімге сайланады.