Инфрақұрылымды дамыту – пәтер құнын өсіріп жібермей ме?
Елордада инфрақұрылым жоқ жерде көпқабатты үйлер салуға тыйым салынды.
Инженерлік желілері мен әлеуметтік нысандары жоқ аумақтарға енді көпқабатты үйлер салынбайды.
Сарапшылар мұны көптеген фактормен байланыстырып отыр. Солардың негізгісі – тұрғын үй құрылысына инвестицияның күрт төмендеуі.
Қаладағы тұрғын үй мәселесі оның әу баста дұрыс жоспарланбауынан туындап отыр. Мемлекет басшысы шілде айында осылай деп, елорданың дамуы жолындағы жасалып жатқан жұмысты сынға алды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Елордадағы негізгі өзекті мәселелер қаланың дамуына қатысты тиісті жоспардың, яғни дұрыс жоспарлау жұмысының жоқтығынан туындап отыр. Бақылаусыз жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстары инфрақұрылымның тапшылығына алып келді. Жағдайдың соншалықты мүшкіл болуына жауапты басшылардың біліксіздігі немесе бас пайдасын ойлағандығы себеп болды. Қала басшылығы құрылыс компанияларының пайдасын емес, мемлекет пен азаматтардың мүддесін бәрінен биік қоюға тиіс.
Осыдан кейін әкімдіктегілер елорда дамуының 2035 жылға дейінгі жаңа бас жоспарын әзірледі. Ол инженерлік желілерді жаңғыртуға бағытталған. Енді құрылыс компанияларына объект аумағын су, электр және жылумен қамтамасыз еткен жағдайда ғана тұрғын үй құрылысын жүргізуіне рұқсат етіледі.
Еркебұлан Файзуллаев, «Астана бас жоспары» ЖШС директорының орынбасары:
- Бүгінгі күні оның бәрі реттеліп жатыр. Қазір арнайы объектілердің тізімі жасалды. Оларды 2023, 2024 және 2025 жылдары су, электр сондай-ақ жылу коммуникацияларымен қамтамасыз ету жоспарланған. Әкімдік тарапынан 3 негізгі аудандар белгіленді. Әлия, Мыңжылдық, Тельман және батыс Тұран аудандары. Мұнда инженерлік инфрақұрылымдар жаңғыртылады.
Сарапшылардың айтуынша, мұндай шаралар құрылыс қарқынын бәсеңдетеді. Қарқын бәсеңдесе – әр пәтердің шаршы метрі қысқарады. Ақыры соңында баспана бағасы қымбаттайды.
Лев Тетин, инвестиция және жылжымайтын мүлік нарығы бойынша халықаралық сарапшы:
- Әкімдік жобаларды алдын ала қарауға өтінімдерді қабылдауды тоқтатты. Кез келген электр желісіне, суық немесе ыстық суға техникалық шарттарды беруге тыйым салды. Қазір құрылыс жұмыстарын тоқтатуға мәжбүрміз. Былтыр 120-130 жоба болса, келесі жылы бұл бағыттағы небәрі 30 шақты жоба қарастырылған. Демек, 2025 жылы пәтерлердің шаршы метрі қысқарады.
Баспана – қоғамдағы басты мәселелердің бірі. Оның дұрыс шешілуі – халықтың тұрмыстық жағдайын жақсартуға сеп болады. Астанада биылғы жеті айда тұрғын үй құрылысына 280 млрд теңгеден астам инвестиция тартылған. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 17 пайызға төмен.
Қазақстан құрылысшылар қауымдастығының мәліметінше, оның бірнеше себебі бар. Олардың негізгісі – құрылыс заттарының шетелден келуі.
Виктория Тен, Қазақстан құрылысшылар қауымдастығы төрағасының орынбасары:
- Инвестиция көлемінің төмендеуі елдің барлық аймағында байқалады. Ол, елдің ішіндегі инфляция мен сыртқы саясат процесіне байланысты. Мәселен құрылыс заттарының 70 пайызы шетелден әкелінеді. Сондықтан жақын арада баспана бағасының арзандауы, оның уақытылы пайдалануға берілуі туралы ештеңе айта алмаймыз.
Әкімдік 2035 жылға дейін Астана 2,5 миллион адамның тұрғылықты қаласына айналады дейді. Ол үшін шаһар басшылығы әр аудандағы инфрақұрылымды дамытамыз, барлық жағдайды жасаймыз деді.
Альмира Оразбай Асхат Қарақойшиев, «Хабар-24».