Павлодар облысында қарбыз фестивалі өтіп жатыр. LIVE
Аққулы қарбызының дәмін татып көрдіңіз бе?
Бұл – Павлодар облысының брендіне айналған жеміс-жидек. Аймақта бақша дақылдарын өсіретін шаруашылықтардың көбі – Аққулыдан. Өңір жыл сайын қыркүйек айында қарбыз фестивалін өткізеді. Биыл дәстүрлі шараға 10 жыл толып отыр. Күз мезгілі – адамдар жаз бойғы еңбегінің жемісін көретін кезең. Биыл өнім қалай болды?
Қарлығаш Қасиетова, тілші:
- Иә, жаз бойы жаумаған жаңбыр енді жауып жатыр. Бірақ бақша дақылдарының түсімі жаман емес сияқты. Аққулы ауданы 2 мың гектардай алқапқа қарбыз егеді. Қазір өнімнің 96%-і жиналған. Бұл іспен 30 шақты шаруашылық айналысады. Олар гектарына 426 центнерден өнім алуда. Бүгінгі мерекеге 10 тоннаға жуық қарбыз жеткізілді. Айта кету керек, бұл жалғыз қарбыз мерекесі емес. Көпшілік күзгі жиын-терімнің аяқталуын тойлап жатыр. Фестивальға аудан тұрғындарымен қатар облыс орталығынан арнайы қонақтар шақырылған.
Қауын-қарбызымен танымал болған Аққулы ауданында тәтті жидектің 40-тан астам сұрпы өседі. Олардың көбі – жергілікті климатқа бейімделген, суыққа төзімді келетін түрлері. Кейбірі суық түскен кезде жиналады. Күзде пісетін өнім көрші облыстарға және Ресейге экспортталады.
Нұрлан Жолмағанбетов, кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:
- Қарбыз мерекесіне орай аудан орталығында киіз үйлер тігіліп, түрлі жәрмеңкелер ұйымдастырылған. Әсіресе «карвинг» көрмесі көздің жауын алады. Мұнда көкөністі кесіп жасаған түрлі кескіндемелер көпшілік назарына ұсынылған. Қарбыз жеуден жарысқа түсіп жатқандар да бар. Спорттық шаралар мерекенің көрігін қыздырды. Бүгін сондай-ақ «Аққулы әуендері» атты жазғы фестивальдің шымылдығы жабылады. Бұл мерекеге 10 ауылдық округтің өнерпаздары қатысқан. Аққулы әуендерін осы маусымда 7 мыңдай адам тамашалапты. Сәлден кейін үздік шыққан өнер ұжымдары марапатталады.