Алматының экология саласына байланысты 6 жемқорлық тәуекелі анықталды

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметі Алматының экология саласына байланысты 6 жемқорлық тәуекелін анықтады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Нақтырақ айтсақ, қаладағы екінші жылу электр орталығынан бөлінетін шығарындылардың мөлшерін азайтуға тиісті көңіл бөлінбеген. Екіншіден, қоғамдық көліктердің көбі Еуразиялық экономикалық одақ талабына сай келмейді. Сонымен қатар ағаш кесуге заңсыз рұқсат берілген. Тіпті қызыл кітапқа енген ағаштар оталған.

Дұрыс жүргізілмеген кадрлық саясат та жемқорлық тәуекелін тудырады. Мысалы, «Медеу» паркінің 35 қызметкері біліктілік талабына сай болмай шықты. Парк қызметкерлері қызметін асыра пайдаланып, кәсіпкерлерді заңсыз тексерген. Осы «Медеу» мемлекеттік аймақтық парк басшысының кәсіпкерден пара алғаны анықталып, сот үкімімен оған 45 миллион теңге айыппұл салынған.

Қанат Сәлімбаев, Алматы қаласының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің басқарма басшысы:

- Талдау қорытындысы бойынша 4 қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылып, 2 қызметкер қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Экология басқармасымен заңсыз тоғай кесуге рұқсат берген болатын. Сонымен қатар жол картасына сәйкес Алматы қаласында ТЭЦ-1, ТЭЦ-2 тиісті модернизациядан өтуі қарастырылған. Алайда тиісті деңгейде уақытылы жұмыс жүргізілмей жатыр.